БҚО ТЖД су тасқыны туралы ресми мәлімдеме жасады
«Жайық өзені Орал қаласының тұсында және жоғары жақтағы елді мекендерде енді қайтып көтерілмейді, су тасқыны шарықтау шегінен өтті».
Облыстық төтенше жағдай департаменті бүгін осылай деп ресми мәлімдеді. Үш күн бұрын дария деңгейі 865 сантиметрге барған болатын. Содан бері 6 сантиметрге түсіпті. Қазір Шаған өзенінің жағасындағы, Зашаған кентіне барар жолдың жиегіндегі бөгеттер бұзылып, құм салған қапшықтар жиналып жатыр. Дегенмен өзен әлі де қауіпті межеден асып тұрғандықтан босаңсуға болмайды дейді мамандар. Саяжайларда құтқарушылар үй-үйді аралап, эвакуациялау жұмыстарын жалғастыруда.
Нұржан Төлеуіш, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
- Түнде және күндіз үйлерді аралау жұмыстары, эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. 41 адам эвакуацияланды. Ол 1 және 2-саяжайдан республикалық жедел құтқару жасағының көмегімен, жүзу құралдарының көмегімен. Ол адамдар эвакопунктке барудан бас тартқан. Қазір туыстарына орналастырылды.