Балық аулауға уақытша тыйым салынды
Жыл басынан бері елде экологиялық заңнаманы бұзудың 360 дерегі тіркелген.
Келтірілген шығын көлемі 13 млрд теңгеге жетеді. Оның ішінде қызыл кітапқа енген жануарларды ату, ағаш кесу және балық аулау бар. Соңғы аталғаны жиі тіркеледі. Оның үстіне қазір уылдырық шашу кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан мамандар рейдтік шараларды күшейтілген тәртіпте жүргізуде.
Риат Шони, тілші:
- Бұл Астана қаласындағы Есіл өзенінің бойы. Қазіргі көктем мезгілінде уылдырық шашу кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан балық аулауға тыйым салынған. Бірақ заңды елемеген тұлғалар қармақтарын салып, балықты қарқынды түрде аулап жатыр.
Уылдырық шашу кезеңінде балықтар су түбінен жоғары қарай көтеріледі. Бұл өз кезегінде пысықай балықшылар үшін де қолайлы жағдай. Қармаққа бірден ілінеді. Сондықтан 1 ай көлемінде балық аулауға тыйым салынады.
Жангелді Қарабаев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім бастығы:
-15-ші сәуірден 15-ші мамырға дейін шортан, көксерке, аққайран балықтарына уылдырық шашу кезеңінде оларды аулауға болмайды. Қазір 20-шы сәуір мен 20-шы мамырға дейін Есіл, Нұра, Сілеті көлдерінде және су қоймаларында Ақмола облысы, СҚО бойынша балық аулауға болмайды. Тәртіпке бағынбағандар осындай рейдтік шаралар барысында анықталады. Сіздерге хаттама толтырылады. Құжаттарыңызды дайындаңыз.
Тыйым салынған кезеңде балық аулағандар 18 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Айта кету керек, 16-шы сәуірден бастап елорда маңында 25 құқықбұзушылық дерегі анықталған. Салынған айыппұл көлемі жарты миллионға жуықтайды.
Рейд барысында инспекторлар түрлі жағдайларға тап болып жатады. Сондықтан қазір күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Яғни, өзен, көлдердің жағасын тексеруге бірнеше маман бірге шығады. Бұларды көрген балықшылар қармақ, ауларын тастап қашатын кездер де болады.
Жангелді Қарабаев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім бастығы:
- Балық аулайтын тор болып саналады. Сотқа жіберілетін нәрсе. Жоқ дегенде 20 МРП штраф. Бұл синтетикалық тор. Моно жіптерден жасалған. Балықтардың денесін кеседі. Содан кейін балықтарда мынау арқылы ауру тарайды. Денесіне түрлі зақым келтіретін тор.
Жалпы айта кету керек, әуесқой түрде балық аулау үшін арнайы бір рұқсат алудың қажеті жоқ. Тек қармаққа іліккен балықтың салмағы 5 келіден аспауы керек.
Авторы: Риат Шони