Оралда 700 тұрғынға құқықтық кеңес берілді
Орал қаласында облыстық прокуратураның бастамасымен су тасқынынан зардап шеккендерді мобильді қабылдау пунктері құрылды, деп хабарлайды 24KZ.
Құрамына Әділет департаменті мен әкімдіктің өкілдері енген 4 жылжымалы пункт 10 күнде 24 бау-бақша серіктестігінде болып, 700-ден астам азаматты қабылдапты. Тұрғындарға бірреттік көмекті алу тәртібінен бастап, несиені шегеру, келген шығынды өтеу, үй-жайды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес берілген. Облыс орталығында 14 мың жарым саяжай телімін су алса, соның 3 мыңында азаматтар тұрғылықты мекендейді. Күні бүгін 14 эвакуациялық пункте 2 мыңдай адам бар.
Роллан Жалғасбаев, қала тұрғыны:
- Саяжайда інім, ата-анам тұрады. Солардың үйі суға кетті. Үй інім атында, басқа үйі жоқ, оның басқа баратын жері жоқ. Пәтерде тұрып жатыр. Бірақ та ата-анам солардың қолында тұрғандықтан, ауылдан көшіп келгендіктен, ауылдағы үйі бұрынғы шыққан жоқ. Сол кедергі бола ма? Комиссияның шешімімен қаралады деп жатыр, күтеміз енді.
Алмас Оңаев, Орал қаласы прокурорының орынбасары:
- Тұрғындарды басты мазалайтын сұрақтары – әрине, алатын жәрдемақының, әлеуметтік бірреттік көмектің мөлшері. Одан кейін арызды қайда тапсыру. Қазіргі таңда жалпы Үкіметтің тиісті қаулыларына тез арада өзгеріс енгізіліп жатыр. Соның бәрі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланып отыр. Соны тұрғындарға дұрыс түсіндіріп жатырмыз.