Қызылорда облысында күріш егу науқаны басталды
Қызылорда облысында күріш алқабының көлемі 10 мың 800 гектарға азаяды.
Сырдария өзенінің деңгейі төмен болуына байланысты шаруалар тіршілік нәрін арнайы кестеге сай кезекпен пайдалануы мүмкін. Көлемді қысқартқанмен, өнімділікті арттыру үшін қандай шаралар қолға аланыды?
Күріш егетін алқаптың тегіс болуы – тіршілік нәрін 20 пайызға дейін үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырады. Бұған дейін өңірдегі шаруашылықтар жерді лазерлік тегістеуден өткізетін. Биыл одан бірнеше есе тиімді жаңа технологияны қолға алды.
Манарбек Тұрсынбеков, агроном:
- GPS-пен жер тегістейтін скрепор біреу ғана еді, қазір енді үшеуін қосып, төртеу болды. Қазір 800 гектардай жерді тегістеп қойды. Бұрынғы марамен жүрген кезде бесеуі алты гектар істейтін еді. Қазір мынау бір өзі 6 гектар істеп тұр.
Өңірде биыл күріштің жеті түрлі сорты егіледі. Оның екеуі отандық өнім. «Бұл тұқым түрлері - тез піседі әрі су үнемдеуге қолайлы. Алдағы жылдары сорт жаңарту мақсатында Ресей, Украинадан бөлек, Түркиялық мамандармен де тәжіребие алмасу жоспарда бар», - дейді мамандар.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Сонымен бірге Түркиядан жаңа екі сортты әкеліп, оны Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының алқабында тәжіребиелік сынақтан өткізуге жұмыстар жасап жатырмыз. Сонымен қатар Түркиядан 18 тоннаға дәндік жүгерінің тұқымын әкеліп, оны да аудандастыру тәжіребиеден өткізу жұмыстарын жүрігізіп жатырмыз.
Сырдария өзеніне түскен су көлемі былтырмен салыстырғанда 600 миллион текше метрге аз. Осыған орай күріш алқабы 10 мың гектарға қысқарды. Тіршілік нәрі арнайы бегітілген кестемен берілетін болады.
Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК филиалының өндірістік учаске бастығы:
- Он күн мысалы Сырдария ауданы, он күн Жалағаш ауданы, он күн Қармақшы ауданы алады. Шаруашылықтарда сондай. Кестесін салып қою керек, кестеге сәйкес пайдаланса, аз судың өзін үнемдеуге, жеткізуге болады.
Биыл өңірде 187 мың 500 гектар жерге дән себіледі. Оның 78 мың гектардан астамына сыр маржаны егіледі.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев