Елордада әкелер форумы өтті
Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында өткен әкелер форумына жүзден астам әке қатысты.
Жиында ер азаматтың отбасындағы рөлі кеңінен сөз болды. Ашық диалог алаңында мамандар әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп, ұлттық болмысты тәрбие құралы ретінде пайдалануға үндеді. Форумның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесінде ер азаматтардың жауапкершілігін арттыру.
Рахим Үркімбаев, қалалық дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры:
- Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі атты бірінші әкелер форумының өткізілуінде балаларымыздың тәрбиесінде ерекше орны бар екенін сезіп отырмыз. Әрбір сыныптың әкелері бүгінгі іс-шараға қатысып, өзіне айтылған жақсы әңгімелерден түйіндеп, өз қыздарындағы, ұлдарындағы тәрбиесін жетелейді деген сенімде осындай керемет шара ұйымдастырып отырмыз.