Қарағанды тұрғындары жаппай сенбілікке шықты
Бүгін қарағандылықтар да қаланың экологиялық дамуына өз үлесін қосты.
Олар 2 мың түп терек және қарағай көшеттерін екті. Игі шараға 300 адам қатысты.
Бүгін қаладағы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның орталық саябағында мыңнан астам ағаш егілді. Енді мұнда қарағай, теректен бөлек жеміс ағаштары да өсіп тұрады. Олар көктеп, гүлдегенде саябақты ерекше көрікке бөлеп, хош иісі аңқитын болады.
Салтанат Тұрсынова, мектеп директоры:
- Осы көктем басталғалы қала бойынша, Қазақстан бойынша сенбіліктер өтіп жатыр. Бүгін директорлар корпусы, әріптестеріміз осы саябағымызға келіп, бүкіл қала бойынша барлық оқу ордасында мұғалімдер, атаналар тал отырғызып жатыр.
Сенбілікке шыққандардың ең кенжесі 7 жасар Арсений Оберт. Ол бүгін өміріндегі алғашқы көшетін екті.
Арсений Оберт, қала тұрғыны:
- Мен саябағымыз таза, ағаштары көп болғанын қалаймын. Мұнда жиі серуендеуге келеміз. Еккен ағашымның қалай өскенін қарап, күтім жасайтын боламын.
Экологиялық шара қаланың барлық аумағында өтті. Ағаш егуге мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, ұстаздар мен қала тұрғындары атсалысты. Игі істің басы-қасында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев та болды.
Ермағанбет Бөлекбаев, облыс әкімі:
- Тал егу деген жақсы бір жұмыс деп санаймыз. Бүгін міне біраз азаматтар шығып тал егіп жатыр. Облыс бойынша бүкіл өңірлерде осындай жұмыстар жасалып жатыр. Жалпы облыс бойынша біз 90 мыңдай ағаш егуіміз керек.
«Көгалдандыру, ағаш егу өндірісті қаланың экологиясын жақсартуға бағытталған. Бұған қоса шаһар іргесінде осыдан екі жыл бұрын өртеніп кеткен орман алқабын да қалпына келтіруге септігін тигізуі тиіс», - дейді билік өкілдері.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпықар