Жамбыл облысындағы су қоймалары толып тұр
Жамбыл облысында 42 елді мекен су басуы мүмкін қауіпті аймақта тұр.
Мамандар қоймаларға артық су жинау апатқа әкелуі мүмкін - дейді. Мәселен Теріс-Ащыбұлақ бөгеті 97 пайызға толған. Оған қоса алда бірнеше күн бойы жаңбыр жауады деген болжам бар.
Аса өзенінің бойында 10-ға жуық елді мекен орналасқан. Солардың бірі - Бәйтерек ауылы. 2017 жылы өзен арнасынан тасып ауылдың бір бөлігіне жайылған. Тұрғындар сол жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдайды. Себебі су деңгейі жылдағыдан екі есе көп.
Құрманбек Есімбеков, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Жылға-жылға болып ауылға жақындап келе жатыр. Жырылып жатыр. Келіп жатыр. Сондықтан болса бізге осындай тасқын суға қорған болатындай арна жасап берсін. Қазір байқап тұрса жаңбыр жауып жатыр. Судың көлемі екі есеге көбеюі мүмкін. Сондықтан олар ұстап тұра алмайды және бөгет те бола алмайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментің мамандары Аса өзеніне Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан көп мөлшерде су ағызылып жатқанын растады. Себебі қойманың өзі толып тұр. Ондағы рұқсат етілген су нормасы 145 миллион текше метр болса, қазір 144,3 миллион куб жинақталған. Сондықтан тіршілік нәрі артығымен жіберілуде.
Мерей Бает, тілші:
- Жай күндері су қоймасынан 10-15 текше метр су ағып жататын. Дегенмен бөгеттің толуына байланысты қазір 4 қақпа да ашылып, секундына 40 текше метр су жіберіліп жатыр. Мамандар мұны алдын-ала қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шара деп түсіндіріп отыр.
Биыл аймақта жауын шашын мен Қаратау, Алатау, Қырғыз жоталарынан еріп аққан көлбеу ағындар Шу, Талас және Аса арналарының су деңгейін көтерген. Ал ол өзен арналарының бойында 42 ауыл бар. Оларға қауіп төндірмеу үшін қазір қоймаларға су жинамау керек, - дейді мамандар. Оған қоса алдағы күндері жауын шашын күтіліп отыр.
Дархан Жапаров, облыстық ТЖД басқармасы бастығының м.а:
- Қазсушар және Жамбыл су қоймалары мекемелеріне жолданған дауылдық ескертуге байланысты, сол аталған мекемелерге бүгінгі таңда су қоймаларына су жинамау бойынша ескерту ұсыныс хаттар жолданған болатын. Су қоймасына келіп жатқан су көлемін дәл сол су көлемін олар өзенге лақтыруда. Яғни олар бүгінгі таңда транзиттік режимде тұр.
Құтқарушылар жергілікті билікке су басу қаупі бар арналарды анықтап бекіту туралы хат жолдаған. Ал Қазсушар мекемесінің басшылығы «мол суды кәдеге жаратуға болады», - дейді. Қазір облыстағы айдындар мен көлдерді толтыруға күш салынып жатыр. Мәселен былтыр Ақкөл көлінде небәрі 55 миллион текше метр су болса, биыл оның көлемін екі есеге арттырмақ. Нәтижесінде, қуаңшылықтың алдын аламыз, - дейді жауаптылар.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә