Су тасқыны бойынша ахуал
Су тасқыны болған аймақтарда 38 мыңнан астам тұрғын үйіне оралды.
Эвакуациялық орталықтарда 7 мыңға жуық адам бар. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқын салдарымен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Жайықтағы су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында мың жарым тоннадан астам инертті материал төселді. Авариялық-құтқару және су тасқынымен күрес жұмыстарына 20 мың адам тартылды. 3 мыңға жуық техника, 600-ге тарта су сору және жүзу құралдары мен 8 әуе кемесі жұмылдырылды.
Асқар Шәріп, ҚР ТЖМ өкілі:
- Су тасқыны басталғалы бері 12,8 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Нұрділдә Ораз, БҚО әкімі аппаратының басшысы:
- Жайықтың 850 қауіпті деңгей болатын болса, осы сағатта 844, яғни 6 см төмен түсіп отыр. Жайықтың суын қауіпсіз өз өңірімізден өткіздік деп айта аламыз. Қазір Ақжайық ауданында жағдай тұрақталып келе жатыр. Орал қаласындағы деңгейі 2-4 см түсіп жатса, Ақжайықта көтерілудің өзі тұрақталып келеді.