«Қарағанды-Балқаш» жолында жұмыс қызды

«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы қайта қарқын алды.

Жыл соңына дейін автобанның төрт жолағы түгел бітуі тиіс. Жалпы ұзындығы 363 шақырым болатын күрежол бойын жөндеу, қарама-қарсы бағыттарды бөлу, суағарлар мен көпірлер салу, асфальттың екінші қабатын төсеу сынды қыруар жұмыс бар.

Бұрын автобан бойында айналма жолдар өте көп болатын. Жұрт сағаттап жүріп, көліктері жиі сынатын. Бүгінде көп жерге асфальт төселіпті.  

Блиц:

- Қарағанды-Балқаш жақ, бергі жолдар жақсы енді. Енді аз-маз оралымдар бар. Кішкене үзілістері болды енді. Жалғап жасап жатыр.

-Жолға кететін уақыт екі сағатқа қысқарды. Әр өткен сайын өзгерісті байқап жүрмін. Бұрынғыдай емес тақтайдай, әрі қауіпсіз.

Өткен жылы  автобанның төрт жолағына асфальттың бірінші қабаты төселген еді. Онымен көлік қозғалысына рұқсат. Алайда арасы бөлінбегендіктен, қауіпсіздік үшін тек екі жолағы ғана ашылған болатын.

Қазір жолдың қарама-қарсы жолақтарын бөлу жұмыстары басталды. Жолшылар 363 шақырымға осындай темір қоршауларды орнатады. Барлық құрылыс материалдары отандық өнімнен.

Биыл жолға  түгелдей асфальттың соңғы қабаты төселеді. Бүгінгі күні 8 учаскенің біреуінде ғана бұл жұмыстар біткен. Құрылыс сапасы жол зертханасы мамандарының назарында. Табылған кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен кейбір учаскелерде асфальт ойылып, жарықтар пайда болған.

Айбек Амантаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бүгінгі күні құрылыс және анықталған ақауларды жою жұмыстары қайта жанданды. Сонымен қатар жол құрылысы және асфальт бетон бетінің жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары басталды. Ақсу-Аюлы, Ақшатау жол пайдалану учаскелері салынады.

Автобан құрылысы 2019 жылы басталған еді. Екі жыл пандемия салдарынан кешеуілдеп, кейін құрылыс материалдары қымбаттады. Жобаның бастапқы құны 248 миллиард теңге болса, кейін бағаның шарықтауынан 317 млрд теңгеге жеткен. Биыл жол құрылысына 1000-ға жуық техника мен 1200 жұмысшы тарту көзделіп отыр.