Жайық жағалауын нығайту жалғасып жатыр
Жағдайдың тұрақтануы мен су деңгейінің төмендеуіне байланысты Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 786 әскери қызметкер мен 25 бірлік техника тұрақты орналасу пунктеріне қайтарылды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин баяндады. Ал Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.
Жалпы қызыл судан зардап шеккен өңірлерге 27 наурыз бен 29 сәуір аралығында 255 бірлік техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшақ жұмылдырылды. Осы кезеңде барлығы 2,1 млн астам құм салынған қапшық төселді.
Руслан Жангулин, ҚР ҚМ ресми өкілі:
- Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен өткізу жалғасып жатыр. Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге қатысты. Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді.