Қызылорда облысында жарық желілері жаңартылады

Биыл Қызылорда облысында 418 шақырым электр желісі мен 73 қосалқы станса жаңартылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жұмыстың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде жүргізіледі. Оның аясында жарты ғасырға жуық пайдаланып, әбден тозығы жеткен жарық бағаналары ауыстырылады. Мысалы, Жалағаш ауданында барлығы 457 шақырым электр желісі мен 117 қосалқы стансы бар. Бүгінде бұл құрылғылардың 45%-і тозып тұр. Мәселені шешу үшін өткен жылы Ақсу және Қаракеткен елді мекендерінің жарық желілері жаңаланды. Бұл жұмыстар биыл тағы 3 ауылда жалғасын табады. Ол үшін бюджеттен 922 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір Есет батыр ауылында құрылыс жұмыстары басталған. 

Арнұр Нұрмағанбетов, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күні мердігер мекемелер анықталды. Келісімшартқа отырдық. Құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Жыл аяғына дейін толық қабылдап, ел игілігіне пайдалануға беретін боламыз. Енді бұл жұмыстар толық аяқталған жағдайда біздің ауданның электр желілерінің тозу деңгейі 32,5%-ке төмендейді деген жоспарымыз бар.