БҚО-да 413 үй салынады
Батыс Қазақстан облысында 1311 үйге су кірген. Соның 413-і жарамсыз деп танылып, жаңадан салынады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір мердігер компаниялар анықталып, топографиялық түсірілім жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында мамыр айында басталады. Үйлер орталық мемлекеттік органдармен бекітілген типтік жобалар негізінде салынып, ауданы 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Сырым ауданындағы 114 үйді «Қазақстан халқына» қоры салып береді. Ал қалған үйлер кен өндіру компаниясы мен қайырымдылық қоры есебінен бой көтереді. Дәл қазір құрылысқа қанша қаржы керектігін ешкім тап басып айта алмайды. Себебі техникалық тексеріс әлі аяқталмаған әрі Орал қаласының айналасы су астында тұр.
Әлібек Антазиев, құрылыс басқармасының басшысы:
- Нақты бұл үй көлемі, саны жоқ. Неге десең, әлі Жайық басқан жерлер су астында тұр. Біздер оған техникалық шарттар, сипаттама істейтін топтарымыз шыға алмай тұр ол жақтарға. Бүгінгі таңда әлі түсіп жатыр өтініш. 1-2 жұмадан кейін нақты айта аламын.