Жаңаөзенде кәсіпкерлік сала қарқынды дамып келеді
Мемлекет қолдауының арқасында бизнес ашқандар жерлестерін жұмыспен қамтып отыр.
Кейбір кәсіпкер Маңғыстауда бұрын болмаған жобаны жүзеге асырған. Мәселен, қала тұрғыны қоқысқа тасталған пластик бұйымдарды қайта өңдеп, құрылыс материалын шығарады.
Бұл цехта мұнай өндірісіне құрал-жабдықтар әзірленеді. Руслан Имажанов ұжымға қосылған жас маман. Колледж бітірген бойда қызметке орналасқанына қуанышты.
Руслан Имажанов, слесарь:
- Айтқым келгені жастарға - Жаңаөзен қаласында жұмыс бар, жұмыс жетеді. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Қазір әртүрлі кәсіби орындар ашылып жатыр. Зауыттар ашылып жатыр.
Нұрлыбек Бисенов, кәсіпкер:
- Осы Жаңаөзен тұрғындары, 36 адам жұмыс жасап келеді. Мансап орталығында тізімде тұрған адамдарды сол жақтан алған болатынбыз. Қазір барлығы білікті мамандар.
Келесі кәсіпорын мұнай скажиналарын күрделі жөндеу қызметін ұсынады. Қара алтын өндіру кезінде істен шыққандары осында жеткізіледі. Мамандар бұзып, әр бөлшегін мұқият тазалаған соң қайта сырлайды. Сынақ алаңында құрып, ақаусыз жұмыс істеуін тексереді. Осылайша, айына 15 скажина жөнделеді.
Жарас Оңғарбаев, инженер:
- 120 адам бар. Бәрі Жаңаөзеннің жігіттері. «Жұмыс жасаймын» деген жобамен келдік. Ризамыз айлығымыз, Аллаға шүкір өзімде жеті балам бар, жетіп тұр.
Жаңаөзен тұрғыны пластик бұйымдарды қайта өңдеу өнеркәсібін жолға қойған. Төмен пайызбен 10 млн теңге несие алып, өндіріске қажетті құралдарды сатып алыпты. Қазір 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Болат Туланов, кәсіпкер:
- Брусчатка, бордюр жасаймыз. Табиғатқа мұның зияны жоқ. Шашылып жатқанын теріп мысалы, бір өнім шығарғанымыз өте жақсы деп ойлаймын.
Нұрберген Худибаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
- 2021 жылдан бастап облыс деңгейінде бағдарлама шыққан «Жұмыс жасаймын» деген. Оның мақсаты - қаладағы кәсіпкерлерді, орта және шағын субьектілерге қолдау білдіру. Атап айтқанда, жалақы жобасынан. Бірінші жылы 100 пайыз Үкімет көтереді. Екінші жылы жетпіс те отыз. Үкімет 70%-ын, 30-ын кәсіпкердің өзі. Үшінші жылы 30/70. Төртінші жыл өзінің мойнында қалады.
Мемлекеттік бағдарлама шарапатын қазір 48 іскер азамат көріп отыр. Олар Жаңаөзеннің өндірістік аймағында кәсіпорын құрып, 2 мыңдай адамды жұмысқа алған. Әкімдікпен арадағы келісімшартқа сәйкес кәсіпкерлер мамырдан бастап 650 жұмысшының жалақысын көтермек.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев