Су тасқынының салдарын еңсеруге бизнес өкілдері атсалысуда
Олар 200 млрд теңгеден аса қаржы жинады.
Қазірдің өзінде «Қазақмыс», «Қазминералс», «Алтыналмас» сынды компаниялар тобы мен ERG акционерлері 40 млрд теңгеден бөлді. Тумир Құлыбаев 30 млрд теңге берсе, Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 20 млрд теңге аударды. Бұл туралы тұңғыш рет өтіп жатқан Біз біргеміз телемарафонында айтылды. Жиналған жылу баспана, мектеп, балабақша және жол құрылысына жұмсалмақ. Бұдан бөлек, Үкіметте тағы 55 млрд теңге бар. Қайырылымдық қорлары да көмегін аяп жатқан жоқ. Мысалы "Қазақстан халқына қоры 15 млрд теңге аударды. Қор ауылдардағы баспана құрылысына 10 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бөлінген қаржыны Антикор бақылауында болады.
Марат Мұхамедсалиев, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:
- Облыс әкімдіктерімен арнайы меморандумға қол қойылады. Яғни, жергілікті атқарушы билік тапсырыс беруші болады. Осылайша, жаңа үй қайда тұрғызылатынын анықтап, баспананың кімдерге берілетінін нақтылайды. Бұл шараның барлығы құжатқа енгізіліп, толық бақылауға алынады. Әр тиынның қайда бөлінгенін сайтымызда көрсетеміз.
Қарғын судың салдарын еңсеруге тұрғындар да көмегін аяп жатқан жоқ. Елдің 15 аймағында гуманитарлық көмек жинау орталығы жұмыс істеп тұр. Сонда жиналған азық-түлік пен керек-жарақ түгел зардап шеккен өңірлерге жіберіледі. Мыңдаған волонтер су басқан аймақтарға аттанып, қол көмегін көрсетті. Олар дамбы бекітіп, қаптарды құммен толтыруға атсалысты. Осылайша, ауыр сынақты ел болып еңсеріп келеміз. Телемарафондағы куәгерлер мен кейіпкерлер бұл сөзді айқын айғақтап отыр.