Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы түрлі ұлт өкілдерінен құралған
Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы түрлі этнос өкілдерінен құралған.
Олар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ Отанының гүлденуі жолында, аянбай еңбек етіп келеді. Психологтардың пікірінше, мұндай жұптардың некесі берік болады екен.
Дилноза Гумарова жолдасымен бірге 7 бала тәрбиелеп отырған ана. Біраз жыл бұрын Өзбекстаннан біздің елге жұмыс іздеп келгенде, мұндай бақытқа кенелем деп ойламапты. Қазір тұрақты кәсібі де бар. Меймандарын қазақы салт-дәстүрге сай кең дастархан жайып қарсы алады.
- Чтобы салат сделать нужно, почистить огурцы, а потом уже порезать.
Дилноза киім тігудің де хас шебері. Өскеменде оның қолынан шыққан бұйымды іздеп келушілер көп. Әсіресе, ұлттық нақышта тігілген киім-кишек кез келген жанды таң қалдырмай қоймайды. Тіпті, той салтанатына қажетті әшекейлерді де өзі жасай алады.
Дилноза Гумарова, қала тұрғыны:
- Бір іс бастамас бұрын бойымды үрей билейтіні анық. Бірақ ойлана келе батылдық керек екенін түсінем. Қателесіп, сұрінген кездерім де аз болмады. Бірақ қайта қолға алып, жалғастырып кетем. Кейде ерлердің «бұл саған керек пе» деген сөзін естимін. Бірақ бұны жасауым қажет деп алға қадам басам.
Гулнозаның бойынан мұндай қасиетті байқаған күйеуі Жалғас та оған қолдау көрсетуден жалыққан емес. Ол болашақ жарын бір көргеннен ұнатыпты. Биыл отау құрғандарына 15 жыл толды.
Жалғас Гумаров, күйеуі:
- Ата-анамнан рұқсат сұрап, ұшақпен жеттім. Сосын нағыз қазақы дәстүрге сай рәсімдерді өткіздік.
Отбасы құндылығын Русланбекуулуның жанұясы да берік ұстанып келеді. Татьяна орыс, ал Бақытбек қырғыз ұлтының өкілдері. Бірі дәрігер, бірі құтқарушы боп еңбек етеді. Бүгінде қыз өсіріп, бақытты ғұмыр кешуде. Ал дастархандарынан бауырсақ және тағы басқа ұлттық тағам түрлері үзілген емес. Құтты қонақтарын ет асып қарсы алады.
Бақытбек Русланбек уулу, Серебрянск қаласының тұрғыны:
- Біз мерекелерді назардан тыс қалдырмаймыз. Тіпті мұсылман және христиандық рәсімдерді де атап өтеміз. Яғни, біздің Қазақстанда бар барлық мейрамға назар аударамыз. Бұл өзара түсіністікке әкелетіні анық.
Ұлтаралық достық еліміздің өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Мызғымас бірлік Отанымыздың жарқын болашағының кепілі. Сол татулық-бірлік отбасынан басталатыны бесенеден белгілі.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин