Астанада қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Жастардың бойына қайырымдылық деген қасиетті сіңіру қоғам үшін пайдалы ұрпақ өсірумен тең.

Елордада халықаралық мектеп Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Биыл үшінші мәрте өтіп жатқан игі шараға 400-ден астам ата-ана мен 500-ге тарта оқушы қатысты. Шара аясында 26 елдің мәдениеті мен салт-дәстүрі таныстырылып, ұлттық тағамдары жәрмеңкеде саудаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жұмсалады. Сондай-ақ оқушылар концерттік бағдарлама көрсетіп, әлем елдерінің ерекшеліктерін көрермен назарына ұсынды.

Ерхан Алтынбекұлы, халықаралық мектептің директоры:

- Жылда біз қайырымдылық ұйымдастырып жатырмыз. Былтыр 2 млн шамасында ақша жиналып, екі отбасыға жыл бойы көмектескен болатынбыз. Биыл енді, өздеріңізге мәлім, елімізде қиын су тасқыны болып жатыр. Жиналған барлық қаражат сол су тасқынына көмек ретінде жіберіледі.

Қуаныш Ерғалиев, ата-ана:

- Әр класқа арнайы бір мемлекет беріп қояды. Мысалы, менің балам 6 сыныпта оқиды, Индия мемлекетінің өкілі болып арнайы киім киіп алады, тамағын дайындап қояды. Бұл – біздің балаларымыздың басқа ұлттың салт-дәстүрлерін тануға өте жақсы мүмкіншілік. Бұл да бірліктің бір нышаны, белгісі деп ойлаймын.