Қызылордада жаппай сенбілік өтіп жатыр. LIVE

Бірлік күні Қызылордада жаппай қалалық сенбілік өтіп жатыр.

Биыл өңірде 100 мың түп ағаш көшетін, күтімге алу жоспарланған. Оның біраз бөлігі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында егіледі. Қазір әріптесім Нұрлан Жақыпбеков, игі шара өтіп жатқан саябақтан тікелей байланысқа шықты. Нұрлан, қызылордалықтар экологиялық шараға, белсенді қатысып жатыр ма?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші

- Қызылордада жасыл желекті көбейту үшін соңғы жылдары өңірде бірнеше жоба қолға алынған. Тұрғылықты мекенді тазалап, ағаш отырғызу шарасы бүгін қаланың бірнеше аймағында өтіп жатыр. Оған мыңдаған қала тұрғыны атсалысты.  

Саябақтың сәні мен әрін кіргізуге барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, ерікті жастар мен этномәдени бірлестік өкілдері бір кісідей жұмылды.  Күрек, тырмасын асынған олар таңа алакеуімнен тыным тапқан жоқ. Қоқыс теріп, жер қопсытып, тал егіп жатыр. Терек, үйеңкі, қарағаш пен Сыр талының шыбығын арық бойына қаз-қатар қадап барады. Өңірдің ауа райына бейімделген бұл ағаштар тез көктеп, тамырын тереңге бойлатады,-дейді мамандар. Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы облыста 50 мыңға жуық көшет егілген. Сонымен қатар бірнеше өзен мен көл жағасы тазаланып, арық жүйелері аршылды. Қала ішіндегі су арналары мен субұрқақтар тазаланып, 4 жарым мың тонна қоқыс шығарылған.

Сыр өңірінде табиғатты түлетуден бөлек тарихты тереңірек тануға арналған тағылымды шаралар да жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі мерекеге орай облыс музейлерінде ашық есік күні жарияланды. Оның аясында студенттер мен оқушылар құнды жәдігерлермен танысып, тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхаттайды.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Айта кетейік, бүгінгі күн қызылордалық бүлдіршіндер үшін де ерекше болмақ. Өйткені балалардың асыға күткен қалалық мәдени демалыс саябағы жұмысын бастады. Әзірге менде бар ақпарат осы.