Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тұрады

Олар түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Су тасқыны кезінде де аянып қалмады. Суға кеткен өңірлерге барынша қолдау көрсетті. 

Фарида Нақыштың ұлты – татар. Бірақ қазақы тегі мен қазақ тілін меңгеруіне қарап, қаракөз бе деген ойға келесіз. Қазақы ортада жүріп, кейін өмірлік серігін де осы өңірден тапқан. Білім саласының маманы студенттер мен өз балаларына ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.

Фарида Нақыш, колледж директоры:

- Қазақ жігітіне күйеуге шығып, сол күннен бері қазақ халқының салт-дәстүрлерін үйреніп, той, қыз ұзату сынды салт-дәстүрлерін өзім үйреніп, қыздарыма үйреттім. Кімді қалай сыйлау керек, кімді қалай күтіп шығарып салу – соның бәрін үйреніп, балаларыма да соны үйреттім. Бірақ қазақ халқының дәстүрімен қатар татар дәстүрін де қыздарыма үйреттім.

Фарида Нақыш өз жұмысымен қатар қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Ол – аймақтағы татар-башқұр бірлестігінің төрағасы. Ал «ұлтым өзбек болса да, жаным қазақпен бірге», – дейтін Гулам Умаров – облыстық қан орталығының басшысы. Ақхалатты абзал жан: «жылана 16 мыңға жуық тұрғын қан тапсырып, соның есебінен 4,5 мыңнан аса науқас аман қалады», – дейді. Бұл игі істе ассамблея өкілерінің рөлі зор, – дейді дәрігер.

Гулам Умаров, облыстық қан орталығының директоры:

- Жамбыл облысында 80-нен астам өзге ұлт өкілі тұрады. Бірақ қан тапсырғанда, басқа адамға қиын жағдайда, науқастарға қан керек болғанда біздің қанымыз бір. Бір-бірімізге әрдайым көмектесеміз. Сол үшін мен сіздерге осы облыстағы қан орталығының директоры ретінде айтамын, біз – осындай бір тұтастықпен тұратын халықпыз. Барлықтарына осы мереке күні рақмет айтамын.

Өңірде 75 этномәдени бірлестік тіркелген. Олар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, қайырымдылық шараларын жиі өткізеді. Еліміздің бірнеше аймаған тасқын су басып, ел басына күн туғанда өзге ұлт өкілдері бірлігін көрсетті.

Бибігүл Өтепова, «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің бас сарапшысы:

- Күні-түні осы барлық күштерін салып, осы жерде гуманитарлық көмекті қабылдап алуда және оны жөнелтуде бар күштерін салып, өте көмектесті. Апат болған аймақтарға Жамбыл облысы өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясынан 56 млн 700 мыңдай көмек көрсетілді.

Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тұрады. Олар сан салада еңбек етіп, қоғам мен ел дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.