Волонтерлер қатарында түрлі этнос өкілдері бар

Елде 700-ге жуық волонтерлік ұйым бар, деп хабарлайды 24KZ.

Оның маңайына 250 мыңнан аса жас топтасып, күш-жігерін қоғамдық өмірге арнаған. Олар қоршаған ортаға жанашырлық танытып, қиын-қыстау шақта қол ұшын созуды азаматтық борыш деп біледі. Еріктілер сабында түрлі этнос өкілдері де бар.

Қазақстан студенттер Альянсы – ұлт пен ұлысты ұйыстырып, жүздеген этнос жастарын бір алаңға біріктірген ұйым. Мұнда 10 мыңнан аса ерікті бар. Ізгілікке жаны құмар студенттер ілкімді істердің басынан табылғанды дұрыс көреді. Ел басына күн туғанда етікпенен су кешеді. Мәселен, қазір альянстық 1500 жас қызыл су басқан аймақтарға арнайы барып, волонтерлік көмек көрсетіп жатыр. Қалған өңірлердегі еріктілер де ел ішінен жылу жинап жөнелткен.

Ұлан Наукен, Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы:

- Еріктілік ол дінге, ділге бөлінетін зат емес. Бұл – жүрегі бір азаматтардың, жастардың бірігуі. Осыған дейінгі болған табиғи апаттар Абай облысындағы өрт, Қостанай облысы, Арыс жарылысы, тағы да басқа апаттарда тек қазақ жастары емес, Қазақстан жастары, яғни өзгеде этнос өкілдері бірігіп, күшіміз бірлікте екенін, біз бірге екенін, жүрегіміз еліміз деп соғатынын көрсетті.

Жастар: «тіліміз бен ұлтымыз бөлек болғанымен, мақсатымыз бір, бағытымыз ұқсас», – дейді. Түрлі этнос жастарын бір арнаға жұмылдырып отырған қозғалыстың бірі – Ассамблея жастары. Бұл жақта да әр ұлттың өкілдері бір анадан туған баладай тату-тәтті күн кешіп жатыр.

Тимур Жұмырбаев, «Асамблея жастары» РҚБ төрағасы:

- Бірлікті сақтау – мемлекет пен қоғам дамуының негізгі шарты. Мұны жастардың түсінуі өте маңызды. Сондықтан біз, Ассамблея жастары, жобаларымыз арқылы жастар арасында әртүрліміз, бірақ барлығымыз теңбіз қағидатын насихаттай береміз. Қазіргі уақытта жастарға пайдалы және қолжетімді жобалар қажет.

Ассамблея жастары да апаттық аймақтарға көмек көрсету жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Қазір 12 мыңнан аса ерікті су басқан аймақтарда көмек көрсетіп жүр.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ырыстанбек Оспанов.