Атырау. Жайық пен бөгеттің жекпе-жегі жақын
Атырауда жаға бекіту жұмыстары аяқталып қалды. Қазір 98 пайызы біткен.
Десе де Жайық өзенінің деңгейі де күн сайын көтеріліп келеді. Сол себепті өңірде басқа да қандай дайындықтар бар? Өңірдегі ахуал қандай?
Асланбек Шығыр, тілші:
Облыстағы ахуал әзірге тұрақты. Қазір Жайық өзенінің деңгейі күн санап көтеріліп жатыр. Кеше Индер ауданының тұсында 25, Махамбет ауданында 15 сантиметрге дейін көтерілді. Ал облыс орталығындағы деңгей 5 сантиметрге көтеріліп, 451 сантиметрге жеткен еді. Бүгін де су деңгейінің көтерілуі байқалады.
Тасқынға қарсы жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр. Бөгет салу жұмыстары аяқталуға жақын. Қауіпті аймаққа жататын Индер мен Махамбет ауданында бұл жұмыстары толық аяқталды. Индер ауданында 30 шақырым, Махамбет ауданында 66 шақырымға жуық бөгет салынды. Жалпы облыста жаға бекіту жұмыстарының 98 проценті бітіп тұр.
Тасқаннан зардап шеккен Жылыой ауданындағы ахуалды да айта кетейін.
Қазір Құлсары қаласын судан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 3 млн тоннадан астам су шығарылған. Тазаланған аумақ дезинфекцияланып жатыр. Сонымен қатар келген шығын көлемін есептеп, бүлінген мүлікті бағалау жұмыстары да жүріп жатыр.
Айта кетейін бүгінде 3591 жылыойлық 100АЕК көлемінде бір жолғы көмек алған.
Асланбек Шығыр, 24.KZ, Атырау облысы