Депутаттар, қорқор және жауапкершілік

Қорқор тартқан адамға ғана емес, қасындағы өзге жандардың да денсаулығына зиян. Эпидемиолог мамандар осылай дейді.

Депутаттар қоғамдық орында қорқор қолданғандарға әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды сұрап отыр.

Бұл елордадағы мейрамханалардың бірі. Қонақтар қорқорды арнайы бөлмеде емес, тамақтану залында тұтынған. Полиция қызметкерлері оларға және әкімгерге хаттама толтырып, айыппұл салды. Жыл басынан бері Есіл ауданының өзінде дәл осындай  200-ден астам құқықбұзушылық анықталған.

Азамат Садықов, Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- 441-бабында көрсетілген. 15 АЕК айыппұл салынады. Егер осындай құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 20 АЕК, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар тамақтану орталығының әкімшілігі сол қорқорды бергені үшін 441-бабының 3-тармағына сай 25 АЕК, жауапкершілікке тартылады.

Мамандардың айтуынша, қорқор түтіні темекіден де қауіпті. Оны тұтынған адам қасындағылардың да денсаулығына зиян келтіреді. Соның ішінде алдымен тыныс алу жүйесін зақымдайды.

Розалина Ермекбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Қорқордың құрамында көміртек монооксиді, никотиннің ыдырау өнімдері, полициклді көмірсутектер және формальдегид бар. Оның үсіне никотин мөлшері 1 милиграммнан аспауы тиіс. Алайда іс жүзіне келгенде бәрі басқаша, яғни, мөлшері одан көп болып жатады.

Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор қолдануға тыйым салынған. Дәмхана иелері ол үшін арнайы бөлме жасақтауы тиіс. Сондай-ақ әркім өзі үйіне тапсырыспен алдыртуға рұқсат етілген. Алайда қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар бұл талаптарды сақтай бермейді.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Қоғамдық орындарда қорқор тұтыну, оны жеткізу және ұсыну бойынша әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді қолдаймын. Айыппұл мөлшерін ұлғайту қажет. Өйткені мәселе адам денсаулығына тікелей қатысты болып отыр. Кәсіпкерлік нысан иелері жауапкершілікті жете сезінуі тиіс.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр қоғамдық орындарда темекі өнімдері мен қорқор тұтынғаны үшін 18 мыңдай адам әкімшілік жауапқа тартылған. Енді заң талаптары күшейтілсе, құқықбұзушылық едәуір азаяр еді, дейді депутаттар.

Еркебұлан Смадияров, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ.