Бес жылға созылған жол құрылысы биыл бітуі мүмкін

«Алматы-Өскемен» автомагистралінің Жетісу облысындағы бөлігінде жол салу жұмыстары жанданды.

Күрежолдың құрылысы 2019 жылы басталған еді. Содан бері қандай жұмыс атқарылды? Ауқымды жоба қашан аяқталады?

Талдықорғаннан Шығыс Қазақстан облысының шегарасына дейінгі аралық 300 шақырымнан асады. 2019 жылдан бері соның 214 шақырымында жол салу жұмыстары аяқталды. Қазір көлік қатынасы жақсарып, барыс-келіс жеңілдеген. 

Ерзат Қасымбеков, жүргізуші:

- Жақсы әдемі. Өзіміз демалып келеміз. Бұл жолды біз көп күттік. Қаншама салынды.

Рустамжан Есжанов, Өзбекстан азаматы:

- Қазір жол жақсы, тегіс. Мына тұрақтары бар. Екі-үш сағатта жетіп аламыз. 

Күрежолдың қалған 100 шақырымына асфальттің үшінші қабаты төселе бастады. Сонымен қатар шеткі қоршауы, жарықшамдары мен жол белгілері орнатылып жатыр.

Бейбіт Иманғалиев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК ОФ директоры:

- Қазіргі таңда 100 шақты жол белгілері қойылды. Оның бәрін рекфрактометрмен тексеріп шықтық. Бәрі нормативке сәйкес келіп тұр. Сонымен қатар осындай құрылғымен 200 км салынған белгілерді тексеріп, қорытындысын шығарып береміз.

«Алматы-Өскемен» автомагистралінің құрылысы биыл аяқталады. Жол сапасының жақсаруымен жылдамдықты шамадан тыс арттыратындар да кездеседі. Былтыр 100-ден аса жол апаты тіркелді. Қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін «Жолда қабылдау» акциясы тұрақты өтіп тұрады. Жүргізушілердің талап-тілегі тыңдалып, ережені сақтаудың маңызы түсіндіріледі.

Жасұлан Қалтаев, "ҚазАвтоЖол" АҚ ҰК ОФ директорының орынбасары:

- Биыл бірінші тоқсанға келетін болсақ, 21 жол апаты орын алған. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, 25 пайызға төмендеген. Жолаушылар тарапынан қауіпсіздікке бағытталған іс шаралар бойынша жол белгілерін орнату, жолды таңбалау бойынша катафоттарды ауыстыру, тосқауыл қоршауларды ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Былтыр Жетісу облысындағы «Алтынемел» асуы жөнделді. Биыл «Жаркент-Қорғас» жолының 32 шақырымын қалпына келтіру жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, 24.KZ, Жетісу облысынан