Жезқазғанда жылу желілері жаңартылып жатыр

Жезқазғанда жылу желілері жаңғыртылып жатыр.

Бұл жұмыстардың 3-кезеңінде жоспарға сай диаметрі 1 мың мм-лік 4 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Осыған байланысты қаланың бірнеше ауданында ыстық су уақытша тоқтатылды. Жаңғырту жұмыстары тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. 

Жезқазғанда жылу желілерін жаңғырту жұмыстары 2017 жылы басталған. 3 кезеңнен тұрады. 1 және 2-кезекте 3 негізгі магистральдың екеуі жаңартылды. Ал биыл номері 11-жылу желісінің ең тозығы жеткен  бөлігі ауыстырылады. 

Денис Кисляков, мердігер ұйым өкілі:

- Жылу электр орталығынан бірінші сорғы станциясына дейінгі жылу құбырының жалпы ұзындығы  3800 метр. 800 метрін былтыр ауыстырған едік. Биыл қалған бөлігін жаңартамыз. Қажетті материал толығымен жеткізілді. Қазір ескі құбырларды бұзу жұмыстарына 14 адам мен 6 техника жұмылдырылған. 

Жаңғырту жұмыстары ұлттық қор есебінен жүзеге асуда. 3 шақырым желіні ауыстыруға 3,3 млрд теңге бөлінді. Мамандар жаңадан салынатын құбырлардың жылу сақтағыш қасиеті жоғары дейді. Және бұрыңғы құбырға қарағанда диаметрі үлкен. 

Мәруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қаламыздың білесіздер жаңадан бас жоспары бекітілді. Бас жоспарға сәйкес батыс ауданда көп қабатты үйлер, әлеуметтік нысандар салынады. Жаңа аудан бой көтереді. Сондықтан сол ауданғақажетті жылу мөлшерін тасымалдау үшін 11-жылу желісін қайта құрылымдап, диаметрін ұлғайтып сол ауданға жеткізуіміз керек. 

Құбыр ауыстыру жұмыстары тамыздың соңында аяқталуы тиіс. Оған дейін 7-8 шағын аудандар мен 91-95 орамға ыстық су беру тоқтатылды. Жаңғырту жобасы келер жылы да жалғасады. Онда бірінші сорғы станциясы жөндеуден өтеді. Жалпы жаңғыртуға дейін жылу құбырларының тозуы 75 процент болған. Қазір бұл көрсеткіш 51 пайызға дейін төмендеді. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев