20 тонна гуманитарлық жүк Жайыққа жетті

Су басқан Батыс Қазақстан өңіріне еліміздің өзге аймақтарынан гуманитарлық жәрдем толассыз келіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қарапайым тұрғындардан бастап, ірі кәсіпкерлер қиындыққа бейжай қарамай, өз көмегін ұсынып жатыр. Саяси партиялар да сауапты істен шет қалмады. Бүгін Respublika партиясының Шымкент қалалық филиалы жолдаған 20 тонна гуманитарлық жүк Жайыққа жетті. Азық-түлік пен төсек-орын, құрылысқа қажетті құрал-саймандар зардап шеккендерге таратылады.

Дулат Мақатов, Respublika партиясының облыстағы ресми өкілі:

- Осы төтенше жағдай басталғалы бері біздер Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Бәйтерек аудандарына осындай гуманитарлық жүк жібердік. Бүгінгі келген көмекті біздер қала тұрғындарына, атап айтқанда, саяжай тұрғындарына, судан зардап шеккен тұрғындарға береміз.