Су тасқыны. Кезекшілік бекітілді
Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден асты.
Қазір су деңгейі Индер ауданында 884, Махамбет ауданында 861 сантиметрге жетті. Атыраудың өзінде қауіпті межеге дейін жарты метр қалды.
Индер ауданындағы Құрылыс және Жарсуат ауылдарында кезекшілік ұйымдастырылып, бөгеттер бақылауға алынды. Қазір онда 52 сарбаз, төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері мен арнайы техника дайын тұр.
Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт пен 30 тонна гуманитарлық көмек әзірленді.
Сондай-ақ елді мекендерді су басқан жағдайда 24 жолаушылар көлігі тұрғындарды көшіруге дайын.
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:
- Күнбе-күн суды бақылап, тиісті шараларын алып отырмыз. Күндізгі және түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылған. Қырықтың үстінде пост бар осы Махамбет ауылының өзінде, ең үлкен аудан орталығы. Күндіз-түні барлық ауылдарда жалпы кезекшіліктер ұйымдастырылуда.