Су тасыған аймақтар қазан айына дейін баспанамен қамтылады

Биыл бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған табиғи апаттармен бетпе-бет келді.

Сәуірдегі нөсер жауын, су тасқыны, жер сілкінісі мен жойқын дауылдар бес құрлықтың халқын әбден әбігерге салды. Парсы шығанағында Оман мен Біріккен Араб Әмірліктері қатты зардап шекті. 32 адам көз жұмды. Ауғанстан мен Пәкістандағы тасқын 130-дан астам адамның өмірін қиды. Қытайда соңғы 50 жылда болмаған табиғи апат салдарынан миллиондаған тұрғын үй кешені жарықсыз қалды. Қызыл судан Қазақстан да қатты зардап шекті. 10 облысты су басты.

Астана

25.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады». 

Бүгінгі таңда тасқыннан зардап шеккен 16 мыңнан астам отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі бірреттік төлем берілді. Оның жалпы сомасы 6 млрд теңгеге жуықтайды. Өңірлік комиссияларға бүлінген мүлік пен шығынды өтеу бойынша 25 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл қатарда бір ай бұрын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған құлсарылықтар да бар. Тасқынның беті қайтқанда олар үйлердің қабырғасы қақырап, іргетасы мен едені жарылып кеткенін көрген. Дүние-мүлік те жарамсыз болып қалған. Сондықтан тұрғындар мемлекет бүлінген баспанасы үшін өтемақы берсе дейді. Әр шаршы метрді 400 мың теңгеге бағалап, қаражатты қолына беруін сұрайды. Себебі үйін өзі салып алмақ. Алайда аймақ әкімдігінің өкілдері өтемақы мөлшерінің қанша болатыны әлі белгісіз екенін айтады. Себебі келген зиянды бағалау жұмыстары толық аяқталған жоқ.

Жасұлан Бисембаев, облыс әкімінің орынбасары:

Атырау облысы

- Біріншіден оның көлемі де әртүрлі зардап шеккен үйлердің. Олардың салынған материалдарының құндары да әртүрлі. Көлемдері де, басқа да, басқа да параметрлері бойынша бұл үйлер әртүрлі болғанан кейін бұлардың орташа бағасы да әртүрлі болып келеді. Сондықтан да қазіргі тада бізге шамамен ортақ бағаны айт деген нәрсеге біз жауап бере алмаймыз. 15 сәуірге дейін, яғни алдымыздағы екі аптада толыққанды, сапалы бағалау жұмыстарын жүргізе алатын болсақ, бір расымен де қазіргі таңда қала тұрғындарының қойып тұрған талаптарын толыққанды орындайтындай мүмкіндік бар деп есептейміз.

Қазір Құлсарыда 800-ден астам үй бағаланды. Сараптама жүргізуге мыңға жуық маман тартылған.

Еркін Өмірғалиев, техникалық сарапшы:

- Екі жұмадай жүрміз үйлердің бәрін аралап. Ауылдан ауылға, көшеден көшеге. Әр жағдай әртүрлі. Қайда 1,5 метр, қайда 1 метр су кіріп жатыр. кімде су бар? Міне көріп тұрсыздар. Мына жақта құлап жатқан үйлер де бар. Аварийный, предаварийный состояние бар.

Бағалау коммисиясының құрамында жергілікті тұрғындар да бар. Олар төтенше жағдай басынан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық штабтың мүшелері. Олардың есебінше, Құлсарыда мыңға жуық отбасы жаңа үйге мұқтаж. 

Ерқұл Дәулетбаев, Жылыой ауданы қоғамдық штабының төрағасы:

- Шешілмейтін мәселелер және билікке жеткізе алмайтын мәселелер тұрды. Жоғарыға жеткізе алмайтын. Сол үшін біз қоғамдық штаб құрып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасадық. Суға кеткен адамдардың барлығы анықталғаннан кейін анықтама қағазын алып, қағазды алғаннан кейін жаңағыдай бірінші жәрдемақы алу, жәрдемақы алу кезіндегі қиыншылықтарды. Біз өзіміздің қатарымыздағы заңгер, нотариус, адвокат, тағы басқа да мамандар болды. Осы мамандар арқылы. 

Үкімет баспанасынан айырылғандарды тұрғын үймен қамтудың үш жолын ұсынып отыр. Нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі, дайын пәтер сатып алынады немесе жаңа баспана салынады. Егер азамат үйді өзім саламын десе, қаржыны бөліп беру тетігі қарастырылған. Жаңадан салынатын бір бөлмелі пәтердің ауданы 80, екі бөлмелі пәтердің ауданы 160 шаршы метр болады.

Марат Жарболов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Ауданы 80 шаршы метр үйдің құны 22 млн шамасында, екі бөлмелі 160 шаршы метрлік үйлер 41 млн теңге шамасында болады. Бұл әкімдіктер бөлген жер учаскелеріне бекітілетін типтік жобалар бойынша. Ереже бойынша, баспананың құны мен көлемі типтік жобалардан асып кетсе, бюджеттен тыс көздерден қаржыландыруға болады. Яғни түрлі қорлардың қаражаты пайдаланылады. Бастысы, Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келмеуі керек. 

Мұндай үйлердің шаршы метрі 275 мың теңге болып бағаланады. Бұл сома бюджеттен тыс көздердің қаражаты есебінен көбеюі мүмкін. Құрылыс жұмыстары 1,5 айдан 2,5 айға дейін жүруі мүмкін. Ол үйлерді су тасқыны қаупі жоқ жерлерге салады. Яғни жаңа орында инфрақұрылымдық жобалаар да салынуы керек. 

Виктор Микрюков, «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» төрағасы:

- Миллиардтаған қаражат керек болады. Өйткені орасан зор шығын келді. Қазір кәсіпкерлер де белсенді көмек беріп жатыр. Біздің қауымдастыққа кіретін компаниялар да қорға 1,5 млрд теңге аударды. Тағы 6 млрд теңге аударамыз. Құрылысшылар бұл қиындықты бірге еңсеруге барынша көмектеседі. 

Құлсарылықтар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы су тасқынын да ұмытқан жоқ. Ол кезде 1200-дей үй су астында қалған. Алайда көмек те мардымсыз болған деп еске алады тұрғындар. Аймақ  әкімдігінің мәліметінше, қазір 3 жарым мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік төлем алды. Бұған қоса 550 мың теңгеге дейін жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алу үшін қаражат беріледі. 

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

«Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Бұл күрделі әрі жауапты жұмыс. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Президент ретінде мен бұл жұмыстарға қаржы жұмсаудан аянып қалмаймын. Мен үшін, ең бастысы, азаматтардың әл-ауқаты. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің бес-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын».

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы тұрғындардың барлығы қазан айына дейін баспанамен қамтылады. Үкімет резервінен қазірдің өзінде 405 млн теңге бөлінді. Қаражатқа Қостанай облысында 31 пәтер сатып алынды. Ал Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақcтан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында баспана салу үшін жер телімдері бөлініп, мердігер ұйымдар белгіленді. Құрылыс жұмыстары жақында басталады.