Атырау облысында эвакопункттер дайын тұр
Атырау облысындағы Индер және Махамбет аудандарында эвакуациялық пункттер дайын тұр.
Қазір Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден асты. Жарсуат және Құрылыс ауылдарында бақылау күшейтілді. 52 сарбаз, төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері мен арнайы техника дайын тұр. Индер ауданындағы 33 жүкті әйел қауіпсіз аймаққа шығарылды. Тек Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт пен 30 тонна гуманитарлық көмек әзірленді. Сондай-ақ елдімекендерді су басқан жағдайда 24 жолаушылар көлігі тұрғындарды көшіруге дайын. Көне Сарайшық қаласы мен археологиялық қазба орындарын су тасқынынан қорғау мақсатында бөгеттер тұрғызылды. Әзірге ахуал тұрақты.
Дания Сапарова, Сарайшық орта мектебінің директоры:
- Эвакуациялық пунктті 15 сәуірден бастап жасақтадық. Қазіргі уақытта шамамен төтенше жағдай болған жағдайда 250-300 адам қабылдаймыз деп отырмыз. Қазір біздің қорымызда су, артық тамақтар, бензиндік генераторлар бар.
Парасат Сақыпкереев, Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
- Индер ауданында 15 дана эвакуациялық пункттер дайын тұр. Оларға орналастырылатын адамдар саны 1600-ге жуық орын қарастырылған. Қазіргі уақытта өздерінің арнайы жабдықтарымен қамтылған. Индер ауданы бойынша су тасқыны орын алған жағдайда халықты құлақтандыру жүйелері қазіргі уақытта жарамдылығы тексеріліп, барлық мектептерге орнатылған.