Эксклюзив. Президентті кімдер қорғайды?
Арнайы жасаққа айрықша міндет жүктелген.
Олар тәулік бойы Мемлекет басшысын күзетеді. Сөйтіп, Президентті кімдер қорғайды екен?
Бұл «Сардар» мемлекеттік күзет қызметінің арнайы мақсаттағы жасағы. Сайдың тасындай жігіттерден құралған. Олар Мемлекет басшысынан бастап Президент бекіткен азаматтардың және сырттан келген қонақтардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Яғни шетелдік саясаткерлер мен беделді тұлғалар ел аумағында жауынгерлердің қорғауында болады.
МКҚ «Сардар» арнайы мақсаттағы жасағының жауынгері:
- Шетел қонақтарын ҚР-ның Мемлекеттік Күзет қызметкерлері біздің Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргеннен бастап қауіпсіздігін өз қарамағына алады.
Құралайды көзге ататын мергендердің де атқаратын қызметі орасан. Олар Мемлекет басшысы баратын аумақтарды алдын ала зерттеп, қауіпсіздігіне көз жеткізеді. Әр бұрыш, әр нүкте жауынгерлердің назарынан тыс қалмайды. Артынша биік ғимараттардың төбесіне шығып, адамдардың қимылын, көзқарасын қадағалайды. Қандай да бір күдік тудырарлық жайт байқалса, бірден төмендегі әріптестеріне хабарлайды. Мергендер америкалық әрі еуропалық заманауи озық үлгідегі винтовкалармен қаруланған. Қорғаныс киімдерінің өзі 30 келі шамасында. Оларға атын атап, түрін көрсетуге қатаң түрде тыйым салынған.
МКҚ «Сардар» арнайы мақсаттағы жасағының жауынгері:
- Мергендердің жұмысы да өте ауыр. Жүргенімізге 4 сағат болды. Мұның бәрі еліміздің, Президентіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің қызметкерлер тер төгуде.
Мемлекеттік Күзет қызметі әскери саланың ішіндегі ең элиталық күштік құрылым. Мұнда қызмет ету екінің біріне бұйырмайтын бақ. Сондықтан «Сардар» жауынгерлеріне жүктелетін міндет те 2 есе ауыр.
Сардар еліміздегі таңдаулы жасақтардың бірі. Іріктеу кезінде үміткерлерге қойылатын талап қатаң. Бойы 180 см-ден жоғары, білімді, физикалық дайындығы мықты жігіттерге басымдық беріледі. Және ең кемі спорт шеберлігіне үміткер болуы шарт.
МКҚ «Сардар» арнайы мақсаттағы жасағының жауынгері:
- «Сардар» шабуыл тобына 2022 жылы қабылдандым. Бұл жерге қабылдану оңай болған жоқ. Көптеген сынақ бар, соның бірін тапсырып, сүрінбей қабылдандым. Бұл жерде сынақтар көбінесе физикалық тұрғыда және IQ тест. Психолгиялық тест. Мемлекеттік тілді және білімді қажет етеді.
Айта кетейік, көрсетілген жаттығулар тек бергі жағы ғана. Негізгі тактикалық іс-қимылдары мен қолданыстағы қару-жарақтары құпия сақталады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Наурызбай Құрманғызы