Ұлттық ұланның әскери бөлімі Аршалы ауданының тұрғындары атынан алғыс хат алды

Мереке қарсаңында Ұлттық ұланның 66/36 әскери бөлімі Аршалы ауданының тұрғындары атынан алғыс хат алды.

Осы ауданға қарасты Жібек жолы ауылына тасқын тақалғанда сарбаздар қауіптің бетін қайтарған еді. 

Шымкент қаласының тумасы Арслан Тәңірбергеннің әскер қатарына қосылғанына 6 айға жуық уақыт болды. Қысқа мерзім ішінде қатардағы жауынгер қызметтің қыр-сырын жетік меңгерді. Он тоғыз жастағы жігіт елорда маңындағы Жібек жолы ауылына қызыл судан қауіп төнгенде, алдыңғы шепте жүріп, бөгеттерді нығайтуға атсалысты.

Арслан Тәңірберген, ҚР Ұлттық ұланның 66/36 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
- Сағат 21:00 кезінде дабыл түсті бізге. Дабылмен көтеріліп, техникалармен сол жаққа аттанған болатынбыз. Ол жаққа халыққа көмектесіп, су басайын деп жатқан аумақтарға қаптар қойған болатынбыз.

Иә, осыдан бір ай бұрын Есіл ернеуінен асып, 12 мың тұрғыны бар Жібек жолы ауылына қауіп төндірген болатын. Сол сәтте Аршалы ауданының әкімі Ұлттық ұлан әскери қызметкерлеріне көмек сұрап жүгінді. Елордадағы 66/36 әскери бөлімінің жауынгерлері дереу жетіп, төтеннен келген тасқынға қарсы тұрды.

Серіжан Амангелдиев, ҚР Ұлттық ұланның 66/36 әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы:
- Әкімшілік тарапынан камаздармен құм тиеп алып келді. Біз сол құмдарды қапшықтарға қаптап, бөгеттерді нығайттық. Қорғаудың ұзындығы 4-5 км. Күн түн демей сарбаздар құм толтырып, сол жерді қорғаумен болды. 

Ұлттық ұлан сарбаздары тәулік бойы тұрғындарға көмек көрсетіп, су басуы ықтимал жерлерге бөгет орнатты. Эвакуациялық пункттерге гуманитарлық көмек жеткізіп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп құқықтық тәртіпті де қамтамасыз етті. Бүгін жауынгерлердің еңбегі еленіп, жыл басынан бері атқарған қызметтері үшін алғыс алды.

Мұрат Балпан, Аршалы ауданының әкімі:
- Біз бүгін мұнда әдейілеп келіп отырмыз. Өйткені біздің ауданымызда су тасқыны болған кезде осы әскерилер келіп, өз көмегін көрсетті. Осы барлық күшпен Жібек жолы ауылын қорғадық. Сондықтан халық та риза болды. Сол себепті халықтың атынан, еліміздің атынан құттықтап, алғысымды білдіруге арнайы келіп отырмын.

Ұлттық ұланның 66/ 36 әскери бөлімінен Талапкер және Жібек жолы ауылдарына 140 сарбаз жұмылдырылып, тасқынның алдын алды. Олар бұл әрекеттерін ерлік санамайды. Өздері әскер сапында елге қызмет етуге әрдайым әзірміз дейді.

Авторлары: Әлішер Әли, Мерей Талап