Болашақ сарбаздар әскери жаттығу өткізді
Болашақ сарбаздар тау бөктерінде әскери жаттығу өткізді. Жоғары сынып оқушылары жауға қарсы тойтарыс берудің әдіс-тәсілдерімен танысып, ондаған шақырым жолды бағындырды, деп хабарлайды 24KZ.
Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі кіші буынға үлгі. Интернационал- жауынгерлер тау бөктерінде экстремалды жағдайларда шұғыл шешім қабылдаудың қыр-сырын көрсетті. Оқ пен оттың арасында жүріп бір-біріне көмек көрсету, азық-түлік пен техникалардың автоколоннасын қорғау секілді әдіс-тәсілдер пысықталды.
Әрсен Асылбеков, оқушы:
- Болашақта әскери қызметкер болғым келеді. Маған бұл мамандық ұнайды. Нақты айтқанда, арнайы жасақ сарбазының қатарына қосылу – арманым.
Әскери жаттығуға алғаш қатысқан оқушылардың нәтижесі жаман емес. Әрқайсысы берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысып, кәнігі сарбаздардан кем түскен жоқ. Бұл өрендер бұған дейін әскери клубтарда жаттыққан. Дені болашақта әскери саланы таңдаған.
Айдар Оразбаев, облыстық Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Болашақта жастар әртүрлі саланы таңдауы мүмкін. Бірақ Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Отанын қорғауға қашанда дайын болуы керек.
Әскери жаттығу алаңында арнайы штаб құрылды. Сарбаздардың тынығуына да жағдай жасалды. Дала асханасы да жұмыс істеді. Мұндай шара алдағы уақытта да жүйелі ұйымдастырылмақ. Оның бірін – Жеңістің 80 жылдығына арналады. Әзірге әскери әдіс-тәсілдерді жоғары сынып оқушылары жан-жақты үйреніп жатыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.