20 мың азамат әскерге шақырылады

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында 20 мыңнан астам қазақстандық Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Қарулы Күштер мен Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне қабылданады. Әскерге барған жастар үшін жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік бар.

Еліміздің барлық өңірлерінде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Жоспарға сәйкес көктемгі науқан аясында 20 000 бозбала әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Қазіргі таңда ел бойынша 195 аумақтық комиссия әскери қызметке шақыруды жүзеге асырып жатыр.

Руслан Омаров, ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаменті бастығының орынбасары:

- 20 мыңға жуық біздің жас сарбазымыз сапқа тұрғызылатын болады. Оның ішінде Қарулы Күштерге 9 мыңға жақын, Шекара қызметіне 6 мыңға жуық, Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне 9 мыңға біздің сарбаздарымыз сапқа тұрғызылатын болады.

Сарбаздарға әскери қызметін өткеру кезеңінде кредиттік демалыс беріледі. Шақыру науқаны барысында жиналған банктік қарыздар мен микрокредиттер туралы мәліметтер бірден Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі. Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдырады.

Темірлан Әбішев, әскерге шақырылушы:

- Кредитім болған. Ол қалай жабылады дегенде «отсрочка» беріледі екен мемлекеттен. Бүкіл тексеруді өттім. Саумын. Енді әуе қорғанысы саласына барамын.

Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында әскери қызмет өткергендерге жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдіктер беріледі. Ол үшін 45 жетекші жоғары оқу орнының ректорларымен меморандумға қол қойылды.

Руслан Омаров, ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаменті бастығының орынбасары:

- Мерзімді әскери қызмет өткерген біздің азаматтарымыз ҰБТ-ға кірмей-ақ, ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілген. Былтыр әскери қызметін өтеген азаматтарымыздың 700-ге жақыны қазіргі таңда ЖОО-да оқып жатыр. Қаржы реттеу агенттігімен жасалған меморандумның арқасында біздің мерзімді әскери қызметкер шақырылған азаматтарымызға кредиттік демалыстар беріліп отыр.

Әскери бөлімдерге жөнелтілген сарбаздардың алды бүгінде әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылды. 

Дәулет Болатбайұлы, қатардағы жауынгер:

- Келгенімізге бүгін 28 күн болды. Ең бірінші болып біз келдік. Елдің, үйдің, Отанның қадірін түсіндік және де тәртіп, «тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді түсіндік. Іште бәрінің жағдайы бірдей, көңілім толады.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айына дейін жалғасады. Айта кетелік, әскерге шақырылғандардың тізімінде запастағы офицерлер де бар. Олар жетіспейтен мамандар қатарын толықтыратын болады.

Авторы: Қуандық Танабас.