Тік дренаждар қалпына келтіріледі
Түркістан облысының Жетісай ауданында өнім сапасын арттыру үшін жер асты суын реттеп отыратын тік дренаждарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірде соңғы 20 жылдың көлемінде тік дренаждардың барлығы істен шыққан. Соның салдарынан жер асты суы көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы төмендеп кеткен еді.
Өңірдегі Мақталы, Қызылқұм ауылдарында тік дренаждарды қалпына келтіру жұмыстары былтыр қараша айында басталған. Кеңес заманында салынған ұңғымалар әбден ескіріп, көміліп қалған. Жер астынан шыққан ыза суды айдайтын бетон каналдар да істен шыққан. Қазір мамандар оларды ауыстырып, тік дренаждардың орнына бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Төлеген Қоспанов, инженер-гидролог:
- Қазіргі жағдайда судың жоғарылығы 1,5-2,5 метр. Бұл өте жоғары. Біз соны түсіріп беруіміз керек. Бізде жоба бойынша 8 метрге дейін түсіру керек. Межеленген 75 метр жерді бұрғылаймыз. Судың деңгейі қай жерде жоғары болады, біз сол жерлерге фильтр қоямыз. Судың деңгейін қалыпты жағдайда ұстап тұрған кезде жер бұрынғы қалпына келіп, халық өзінің егіншілігімен айналысуына болады.
Қазір мердігер мекеме осындай жұмысты үш ауылдық округтің аумағында жүргізіп жатыр. Оларға 97 ұңғыма қазу жүктелген. Бүгінге дейін 15 шақырым құбыр тартып, қазір 4-ұңғыманы бұрғылауда. Жердің ыңғайына қарай тік дренаждың тереңдігі 55 пен 75 метр аралығында болады. Жоба құны – 9 млрд теңге. Бұл жұмыстарға 25 техника мен 35 адам тартылған.
Шамшиддин Әміреев, учаске басшысы:
- Скважинадан бөлек бізде лотоктар, құбырлар бар. Электр қуатымен қамту үшін бағана тартамыз. Бізде 42 шақырым лоток қаралған және 22 шақырым құбыр қаралған диаметрі 315-тік. Құбыр қатар жүріп жатыр, ал лотоктарды енді бастайын деп жатырмыз. Келесі жылы желтоқсанда тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Жалпы қазір Жетісай ауданындағы 6 ауылда 210 ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек жүздеген шақырым құбыр тартылуда. Жер асты суын реттеп отыратын тік дренаждардың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан ауданда мыңдаған гектар егістік алқаптың топырағы тұзданған. Мамандар қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде 37 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсаратынын айтады. Өнімнің сапасы артып, шаруалардың табысы көбейеді. Одан бөлек елді мекендерді көгалдандыруға да тікелей әсер етпек.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов