Ерлік рухына тағзым
Ақмола облысынан майданға 90 мыңға жуық адам аттанған. Ал олардың тек 37 мыңы ғана елге аман сау оралды.
Өкінішке қарай, оқ пен оттың ортасынан келген олардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Мәселен, былтыр аймақта Жеңіс күнін 8 ардагер тойласа, биыл көзі тірі 5 майдангер ғана қалған.
Көкшетауда өткен шара барысында барша соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді. Жиналған халық майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Батыр бабалардың рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алау» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, Ақмола облысында биыл соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 3 млн теңгеден берілді. Бес мыңға жуық тыл ардагері де назардан тыс қалмады.
Алтай Нұрқасымов, тыл ардагері:
- Жеңіс күні – бұл мәңгі есте қалатын шақтар. Әкелеріміз бен ағаларымыздың жартысы майдан даласында қалды. Жеңісті жақындату үшін тер төкті. Осындай жақсы заманды орнату үшін жан берді. Сондықтан мен бүкіл соғыс ардагерлерін, тыл ардагерлерін, көкшетаулықтарды, ел болашағы жастарды Жеңіс күнімен құттықтаймын.