Үзілмеген үміт: 90-дағы кейуана батыр әкесін іздеуді тоқтатпаған

Өткен ғасырдың ең сұрапыл соғысына талай батыр бабаларымыз аттанды.

Бірақ көбі қайтып елге оралмады. Сол майдан даласында мәңгілікке қалды. Дені хабар-ошарсыз кетті деп жарияланды. Бүгінде 80 жылға жуық уақыт өтсе де, ұрпақтары іздеуді еш тоқтатпаған. Жатқан жерін анықтап, сүйегін елге әкеліп, қайта жерлеуді өздерінің парызы санайды. Сондай жанның бірі – Қазиза Наурызбаева. 90-ға келген кейуана өз әкесінің сүйегін табуды армандайды.

Арада 80 жылға жуық уақыт өтсе де, өткен ғасырдың ең сұрапыл соғысы салған жара өте ауыр. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 1 млн 300 мыңнан астам адам аттанған болатын. Ел басына күн туғанда қолға қару алып, атқан қонған боздақтардың 600 мыңдайы мәңгілікке сол ұрыс даласында қалды.

Риат Шони, тілші:

- Ал 271 мыңнан астам қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен болып есептеледі. Міне, осы елге қайтып оралмаған батыр бабалардың мәйітін іздеу шаралары соңғы жылдары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды.

Бүгінде есімін ұмытпай, әкесін іздеп, үміт үзбей жүргендердің бірі – Қазиза Наурызбаева. Оның әкесі Наурызбай Жұматай 1941 жылы соғысқа аттанған.

Қазиза Наурызбаева, тыл еңбеккері:

- Сол 4 баласы, жас анам, 30-дан енді асқан бәріміз шуылдап қала бердік. Баланың үлкені 10-ға қарай келіп қалған. Кішісі әлі бесікте еді. 3 ұл, 1 қыз болдық. Содан солай болды, қай жерге апарғанын мен білмеймін. Әйтеуір соғысқа алып кетті. Біз шуылдап қала бердік.

Ботадай еңіреп қала берген балалардың тағдыры ауыр болды. Бастапқы кезде майданға аттанған әкеден хат келіп тұратын. 1 жыл өткеннен кейін арадағы байланыс үзілді. Соғыс даласынан қара қағаз келді. Наурызбай Жұматай майданда қаза тапты. Бұл хабар бізге өте ауыр тиді, – дейді кейуана.

Қазиза Наурызбаева, тыл еңбеккері:

- Сонымен үйдің берекесі кетті. Енді балалар өсіп келе жатыр. Тамақ керек. Шешем сосын жұмысқа шықты. Қырманға. Ол қырманға үйдегі кішкентай ұсақ-түйек жұмыс. Кішкентайды апарып емізу, бәрі менің мойнымда қалды. Мен сөйтіп жүрдім, сұп-сұйық бірдеме береді, оны да аламыз. Солай қарнымыз аш болды. Ана жерден бір уыс бидай алайын десең, ешкім алғызбайды. Жан-жақтан қарап тұрады барлығы. Содан қысқасы, солай-солай өмір сүріп жата бердік. Содан кішкентай қайтыс болып кетті. Мен апарып, әкеліп жүргенім. Содан үшеуіміз ары қарай өмір сүре бердік.

Арада 80 жылға жуық уақыт өтті. Қазиза әжейдің қолында әкесінің де суреті қалмаған.

Үміт үзбеген кейуана жер-жерге іздеу жариялаған. Арманы – жатқан жерін тауып, сүйегін елге әкеліп қайта жерлеу. Іздестіру жұмыстарын қазір «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі белсенді жүргізіп жатыр. 5 жылдың ішінде бұл ұйым талай жауынгердің жатқан жерін анықтап, сүйегін елге жеткізген.

Әлия Сағымбаева, «Атамның аманаты» ҚБ құрылтайшысы:

- Қазір 7 мыңнан астам бізде тапсырыс бар. Түнде отырады, күндіз қолдары босағанда ай сайын 30-40 жауынгерлерді тауып жатыр. Міне, сәуір айында кеше ғана оқыдым 31 жауынгердің жерленген жері анықталды. Сосын ұрпақтарына біз соны жеткіземіз.

Жауынгерлерді іздеу барысында қиындық туғызатыны ол аты-жөндерін қағаз бетіне дұрыс түсірмеуі екен. Кеңес үкіметі кезінде қазақ есімдері бұрмаланып жазылған. Мәселен, Сақауов Оспан деген жауынгерді Соколов Остап деп жазған.

Әлия Сағымбаева, «Атамның аманаты» ҚБ құрылтайшысы:

- Қазақтың, түркітілдес елдердің туыстарымыз бар ғой, қырғыздар, мысалы, ноғайлар, татарлар, аты-жөндері керемет бұрмаланған. Мысалы, менің енемнің анасы Жұмаділов қой. Дондұрманов деп жазып қойған. Бейсенбай ата деген кісіні Весели деп жазған. Тіпті біздің қазақтарды барып түрікмендерге қосып қойған. Сондықтан оны тек қана қазақтар түсінеді екен. Орыстар түсінбейді. Олар қайдан біледі мынау Арман ба, Орман ба, қалай жазылғанын. Сондықтан да біздің іздеу жұмысымыз анау ресейліктерге қарағанда тез жүріп отырады.

Арада 80 жылға жуық уақыт өтсе де, батыр ата-бабалардың ұрпақтары үміт үзбейді. Жақынын іздеуде бар жанын салуда. Бұл еңбек еш зая кетпесі анық деп тілейік.

Қазиза Наурызбаева, тыл еңбеккері:

- Әкемді әлі іздестіріп жүрмін. Бір шаршамаймын, бір талмаймын. Мынау көзімді жұмғанша осы әкемді іздестірумен келе жатырмын. Үміттімін. Үмітсіз шайтан дейді.

Авторы: Риат Шони.