Францияда қазақ сарбаздарының рухына тағзым етілді
Францияда осы елдің аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақ сарбаздарының рухына тағзым етті, деп хабарлайды 24KZ.
Біздің дипломаттар Алматы облысының тумасы Нұрман Молдабековтің зиратына гүл қойды. Ол қан майданда ауыр жараланып, Париж ауруханасына түскен. Өкінішке қарай, көптен күткен жеңіске жеткеннен кейін араға бірер күн салып, жан тапсырды. Нұрман Молдабеков жайында талай жылдан бері мағлұмат болмады. Оның қабірін қазақстандық зерттеуші Гүлнар Меңдіқұлова тапты. Біздің отандастарымыз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қарсылық қозғалысының сапында да күрескен. Францияда олардың нешеуі жерленгені әзірге белгісіз. Қан майданда із-түзсіз жоғалғандар тізімінде 300 мыңға жуық Қазақстан азаматы бар.
Гүлсара Арыстанқұлова, ҚР Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Фашизмге күресте адамзатты құтқарған, соған қатысқан біздің азаматтарымыздың ерлігін әрқашан еске алу – біздің парызымыз және бұл – Елшілік жұмысындағы басымдықтардың бірі. Осы жұмысты жандандыру мақсатында біз қазіргі таңда француз Сыртқы істер министрлігі, француз Қорғаныс министрлігі және жергілікті ассоциация ұйымдарымен жұмыс жасап жатырмыз.
Ясим Бенсалем, Баньё зиратының шырақшысы:
- Сарбаздардың рухына тағзым ету өте маңызды. Олардың есімін кейінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс. Жақында қабір аумағындағы биотіршілікті зерттеп жүрген оқушылар келді. Экскурсияны тарих мұғалімі ұйымдастырған екен. Оларға біз осы сарбаздардың ерлігі туралы айтып бердік.