Чехияда қазақ жауынгерінің есімі тасқа қашалып жазылды
Чехияда қазақ жауынгері Рақымжан Нұрмақсұтовтың есімі оның бейітінің басындағы тасқа қашалып жазылды, деп хабарлайды 24KZ.
Алматы облысында туған кіші сержант, кавалерист 1945 жылы Чехияның Костице ауылы үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Былтыр күзде туыстары бауырластар зиратынан оның жерленген жерін тапқан. Сөйтіп, Чехияның Қорғаныс министрлігі, жергілікті билік және осы мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен Рақымжан Нұрмақсұтовтың басына ескерткіш тақта орнатылды.
Мұхтар Жауаров, Рақымжан Нұрмақсұтовтың туысы:
- Осындағы Қазақстанның Чехиядағы елшілігі оның басшысы Дүйсенбаев Бақыт Амангелдіұлы бастаған азаматтар және Костице ауылының әкімшілігі осы шараға қатысып жатыр. Осы барлық адамдардың еңбегін бағалап, рақметімізді айтамыз. Аруағы риза болсын. Рахымжан Нұрмақсұтұлы ағамыздың жатқан жері жайлы топырағы торқалы болсын. Осы жерде 50 адам жерленген екен. Осының барлығы екі елдің ынтымағы мен бірлігі арқасында осындай құрмет көрсетіліп жатыр. Барлықтарына жақсылық тілейміз. Амандық болсын.