Қызылорда облысында өрт сөндіру бекеті көбейеді
Қазір 89 елді мекенде 28 бекет жұмыс істеп тұр.
Бірақ бұл 800 мыңнан астам тұрғыны бар өңір үшін аз. 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жоспарға сәйкес Сырдария ауданында биыл екі бөлімше ашылады.
Көктемде өрт қаупі кезеңі басталатыны жасырын емес. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті 23 рейдтік шара ұйымдастырған. Бірақ дала өрті тыйылар емес.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Қала іргесіндегі мына тораңғыл, жиде, шеңгел, қамыс басқан аумақ жылда өртенеді. Өйткені Сырдариядан бөлінетін Шіркейлі каналының бойын тұрғындар демалыс орнына айналдырып жіберген. Себебі облыс орталығында суға түсетін тегін жағажай жоқ. Сол демалушылардың салғырттығынан жыл басынан бері 9 далалық жерде өрт тіркеліп, қызыл жалын 33 гектар аумақты шарпып өткен.
Облыс бойынша ірі 16 өрт сөндіру бөлімі бар. Оның 3-еуі мамандандырылған. Қызылорданың шетіндегі өндірістік аймақта орналасқан 6-бөлімнің құтқарушылары 100 шақырымнан асатын Шиелі ауданына дейінгі аралыққа жауапты. Шақыртуға шұғыл жету қиындық туғызады. Ал ауылдарда шағын өрт сөндіру бекеттері көптеп ашылса, қызыл жалынды өшіру уақыты бірнеше есе қысқарар еді.
Самат Нұрғалиев, №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Саяхат, КБИ мөлтек ауданы, Белкөл кенті және Шиелі кентіне жақын Тартоғай, Сұлутөбе, Бірқазан елді мекендерінде орын алған өрт бойынша шығыстарға осы өрт сөндіру бөлімі барады. 83 дабыл бойынша шығыстар орын алды. Өндірістік нысандарда тіркелген жоқ. Бірақ тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан және далалық алқаптық орындарда қураған шөптердің жануы орын алады.
Мамандардың айтуынша облыстағы өрт сөндіру бекеттері небәрі 101 мыңдай адамды қамтуға жетеді. Оның өзінде арнайы техника жоқ.
Асхат Оразбеков, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Өрт сөндіру бекеттерінің барлығында дерлік құралдары бар. Бірақ өрт сөндіру автокөліктері болмағанымен өрт сөндіру мотопомпалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар барлық елді мекенде ерікті өрт сөндіру құрылымдары жергілікті әкімдіктермен құрылған. Ол 137 ерікті өртке қарсы құрылым 1820 адамнан тұрады.
Жыл басынан бері облыс аумағында 118 өрт оқиғасы тіркеліп, 3 адам көз жұмды. Бұл былтырмен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Дегенмен тілсіз жаудың салдарымен емес себебімен күресу үшін төтенше жағдай қызметі күшейтілген режимге көшті.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев