Жарылыс жұмыстары: Қарағандыда 2 үйдің қабырғасына сызат түсті
Қарағандыда көпқабатты екі үйдің қабырғасына сызат түскен, деп хабарлайды 24KZ.
Іргедегі қиыршықтас өндіретін кен орнындағы жарылыс жұмыстарынан кейін осындай проблема туындады, – дейді тұрғындар. Айтуларынша, жарылыс кезіндегі дүмпудің қаттылығы сонша, үйде отыра алмай, сыртқа шығып кетеді екен. Бұл туралы өздері түсірген бейнежазбаны әлеуметтік желіге таратқан. Тұрғын үйлерге қаншалықты қауіп бар?
Алтынбек Жүнісбеков бұл үйде 2020 жылдан бері тұрады. Пәтерді ипотекаға алған. Жақында іргедегі кен орнында жарылыс жұмыстары болып, содан үй қабырғасына сызат түсті, – дейді ол.
Алтынбек Жүнісбеков, қала тұрғыны:
- Осы 29 күнінен басталды осы жарықтар. Мынау төбелердің барлығы жарылып кетті. Әрине, енді жарылып жатқан соң ертең мынау құлап қала ма деп алаңдаймыз ғой. Оның алдында былтырлары болған жоқ мұндай. Осы биыл қатты жарылыс болды.
Қиыршықтас өндіретін кен орны 10 қабатты үйден алыс емес. Терезеден көрініп тұр. Қалалық құрылыс бөлімінің мамандары: «үйдің сапасына бұған дейін сын айтылмады», – дейді. Қабырғадағы сызаттың жарылыстан кейін пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Мұрат Қамалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл үй 2016 жылы тапсырылған. Мердігердің кепілдік мерзімі 2019 жылы бітті. Сол аралықта құрылыс сапасына қатысты ешқандай өзгерістер мен шағымдар болған жоқ. Ал қабырғаның жарылуына келетін болсақ, оған кен орынындағы жұмыстар әсер етуі мүмкін.
Кен орнына жақын орналасқан мына екінші үй былтыр пайдалануға берілді. Жарылыс дүмпуі мұнда да қатты сезіледі, – дейді тұрғындар. Үрейленген жұрт үйде отыра алмай, сыртқа шығып кетеді екен.
Светлана Қалшабекова, қала тұрғыны:
- Жарылған кезде кәдімгі тырсылдаған дыбыс шығады үйден. Мен 5-ші қабатта тұрамын. Бұл үйді біз желтоқсан айында алдық. Кезекте тұрып, көпбалалы ретінде алдық. 6 жыл кезекте тұрып, 7-ші жылы алдым. Бұл – арендалық үй, келешекте сатып аламыз. Міне, карьер жарылып жатыр, қорқамыз.
Өндірістік қауіпсіздік департаменті өкілдерінің айтуынша, кен орнында соңғы жарылыс жұмыстары 29 сәуірде жүргізілген.
Сергей Брагин, облыстық Өндірістік қауіпсіздік департаментінің басшысы:
- Кеніштегі жарылыс жұмыстары өткен жылдың тамыз айында берілген рұқсат құжатына сәйкес жүргізілген. Ол – бір жылға арналған құжат. Қиыршықтас өндірілетін мұндай кеніш тұрғын үйлерден 400 метр қашықта болуы керек. Ал мұндағы жұмыстар шамамен 1 шақырым қашықта істелген. Яғни, техникалық қауіпсіздік бұзылмаған.
Мамыр айының 17-нен бастап кен орнында жоспарлы тексеріс жұмыстары басталады. Сол кезде кәсіпорынның өндірістік қауіпсіздік талаптарын қаншалықты сақтап отырғаны тағы бір мәрте тексеріледі, – дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.