Су тасқынымен күрескен белсенділер ауқымды шара өткізді

Ақмола облысы Оразақ ауылында су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысқан мыңға тарта белсенді азаматтың қатысуымен ауқымды шара өтті.

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы сәуір айында су басқан өңірлерге көмек қолын созу үшін «Бәрімізге қатысты» еріктілер орталығын ашқан еді. Белсенді жастар Көкшетау, Петропавл, Орал қалалары мен Атырау, Солтүстік және Ақмола облыстарына жіберілді. Олар аймақтарға гуманитарлық көмек жіберіп ғана қоймай, тасқын судың салдарымен күрес шараларына да қатысты. 

Алмат Қуаныш, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсендісі: 

- Біздегі басты мақсат – өзінің жеке әлемінен шығып, қайғыға ұшырап жатқан адамдардың қайғысына ортақтас болатын адамдарды тәрбиелеу. Елдің басына қандай қиын-қыстау заман түссе де, ол тек қана бір өңірдің мәселесі емес. Елімнің басына түскен мәселе, ол менің де мәселем. Біз солай «Бәрімізге қатысты» деп ат қою арқылы осы іс-шарамызды бастадық. 

Әсел Бәденова «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы: 

- Мұнда елдің түкпір-түкпірінен су тасқынымен күрес жұмыстарына ат салысқан жандар жиналды. Өңірлердегі белсенді жастар күш біріктіріп, осы бір күрделі кезеңде елі үшін аянып қалмады. Бүгінгі шарада құтқарушылар алғашқы көмек көрсету әдістерін көрсетіп, төтенше жағдай кезінде ескеру керек қағидаларды түсіндірді.