Шығыс егіс науқанын бастап кетті
Шығыс Қазақстан биыл 645 мың гектарға дәнді-дақыл егеді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7 мың гектарға артық.
Өңірде дала жұмыстары биыл әдеттегіден ерте басталды. Қыс қарлы болғандықтан, ылғал мол. Шаруалар осыны тиімді пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Өңірдің оңтүстік аудандарында көктемгі егістік науқаны 60 пайыз аяқталды.
Рүстам Жанбосыновтың шаруашылығы дала жұмыстарын алғашқылардың бірі болып бастады. Үш мың гектар алқапты игермек. Күнбағыс, арпа, бидай мен сұлы егеді. Көктемнің бір күнін бір жылдық азық санайтын диқандар үшін әр сәт қымбат. Ширақ қимылдағанның арқасында ылғал жауып үлгерген.
Рүстем Жанбосынов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Маусым айына дейін ылғал жетеді. Өйткені мінеки күн жылына сала алқапқа кеп, ылғалды жауып алдық. Жазда бәрі күн райына байланысты. Құрғақшылық болуы да мүмкін. Енді кейбір астықты аймақтарда егістік алқаптары суға кетті. Сондықтан басқа өңірлер астық қамына үлкен жауапкершілік танытуымыз керек.
Тұқым сапасы да басты назарда. Еңбек еш кетпес үшін, дәннің шығымды болғаны дұрыс. Сондықтан, сұрпын таңдағанда қателеспеген абзал, - дейді шаруалар. Тұқымды алдымен зертханаға тексертіп алғандар көп. Мұнда 150-ге жуық шаруашылық әкелген тұқымға талдау жасалып жатыр.
Шынар Ауғанбаева, тұқым сараптаушы:
- Мынау сол күнбағыстың 5 күн бұрын салынған тұқымы. Бес күннен кейін мынау құсап өсіп шығады, өсетіндері. Өскендерін бөлек санап аламыз да, өспегендерін бөлек санап аламыз. Оны мынадай арнайы карточка толтырамыз да, соған жазамыз. Осы бойынша егістік алқабының өнімділгін анықтаймыз.
Биыл өңірде майлы дақыл мен мал азығы молынан егіледі. 71 мың тонна тұқым сатып алу үшін облыс бюджетінен 1 миллиард 100 миллион теңге қарастырылды. Көктемгі дала жұмысына 14 мың тонна жанармай бөлінді. Минералды тыңайтқыш өндірушілерге де қолдау көрсетіледі.
Дархан Әбілмәжінов, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Минералды тыңайтқыштарды екі есе артық қолдану жоспарланып отыр. Субсидяилау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Биылдан бастап отандық минералды тыңайтқыштар өндірушілеріне авнстық есеп ретінде 60 пайызға дейін субсидиялайтын боламыз.
Өткен жаз диқандар үшін оңай болмады. Аптап ыстықта бір тамшы жаңбыр жаумай, күзде керісінше 60 күн бойы жауын тоқтамады. Сондықтан жер емген жұрт биылғы ауа райына да алаңдаулы.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, 24.KZ, ШҚО