Су мәселесі. Жаз шыға Қызылорда қаталап қалады
Жаз шыға Қызылордада ауызсу тұтыну көлемі еселеп артады. Өйткені жұрттың көбі таза сумен есік алдындағы бақшасын суғарады.
Құрылысқа да шығындайтындар аз емес. Осының салдарынан кей ықшам аудандарда су қысымы төмендеп кетеді. Енді мәселе қалай шешіледі?
Қызылорда қаласындағы Сүлеймен Ишан көшесінде ауызсу қысымы төмен.
Күндіз құбырдан тамшы да тамбай қалады. Тек түн ортасында ғана сыздықтайды. Сол уақытта түртінектеп жүріп, бар шаруаны бітіруге тырысамыз. Бұлай күнелткенімізге бірнеше жыл болды, - дейді тұрғындар.
Гүлмира Әлдешова, қала тұрғыны:
- Кешкісін бір мезгіл ғана кірімізді жуамыз. Сағат он бір, он бір жарымдарда жуамыз. Күндіз кір жуа алмаймыз. Ыдысымыздың өзін зорға жуамыз. Күн қатты ыстық болса су мүлдем ақпайды. Тек мотормен отырамыз. Бүгін свет жоқ, үйде су жоқ.
Ал Базаркүл Қыстаубаева үйінің ауласындағы тал-теректі суаруға ауызсуды пайдалануға мәжбүр. Өйткені арық жүйелері ұзақ жылдардан бері көміліп қалған.
Базаркүл Қыстаубаева, қала тұрғыны:
- Есіктің алдын көгертіп отырғымыз келеді. Осы сумен суарамыз, жасырмаймыз. Бірақ үлкен тарифпен, жоғары тарифпен төлейміз ақысын. Барлығы пайдаланып жатқаннан кейін бұл су кейде жетеді, кейде жетпей қалады. Түнде мотор қосып суаратынымыз рас.
Қызылорда қаласында көктем шыға ауызсу тұтыну көлемі екі есеге дейін артады. Мысалы, қыс айларында 45 мың текше метр тіршілік нәрі қала тұрғындарына жеткілікті. Алайда бұл көлем жазда 110 мың текше метрге дейін артады. Басты себеп – арық жүйелері істен шыққандықтан, тұрғындар ауызсуды қүрылыс салуға және есік алдындағы бау-бақшаны суаруға шығындайды. Дегенмен, мамандардың айтуынша кейбір ықшам аудандарда құбыр бойындағы қысымды арттыру үшін жаңа су көздерін ашу жоспарланған.
Бауыржан Ізмағамбетов, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:
- Тораңғылсайдың жобасы әзірленіп жатыр. Жобасы әзірленгеннен кейін қаржыландыру бағытында жұмыс атқарамыз. Бұл Тораңғылсай қосылса сол жағалауды толықтай ауызсумен қамтитын болады. Сол жақтан қалған запас қаланы қамтуға бағытталады. Тәулігіне 47 мың куб метр береді.
Алдағы уақытта әр отбасының ауызсу пайдалану шектік мөлшерін бекіту мәселесі де жан-жақты талқыланып жатыр. Тіршілік нәрін шектен тыс көп пайдаланғандар қымбат тарифпен ақы төлеуі мүмкін. Бұл бастама – суды бейберекет ысырап етпей, шығынын барынша азайту үшін маңызды,-дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, «24.KZ», Қызылорда