Ерлігі ел есінде
Түркістан облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына Кадет сыныбы ашылды.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу мақсатында Кентау қаласындағы №19 мектеп-лицейінде ашылған Кадет сыныбына қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған Рысбай Құдайбергенұлының есімі берілді.
Салтанатты рәсімге жиналғандар қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қылмыскердің қолынан мерт болған полиция қызметкерінің өмірі мен ерлігі жайында әңгімеледі. Шара барысында 32 оқушы кадет сыныбына мүше болып қабылданды. Олар өз Отанының қорғаушысы және қоғамдық жұмыста белсенді болуға ант берді.
Айта кетейік, Рысбай Құдайбергенұлы 1984 жылдың 9 шілдесі күні кешкісін аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде оққа ұшқан болатын. Қазіргі таңда Кентау қаласында ержүрек полицейдің атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған.
Жалпы Тәуелсіздік жылдары Оңтүстік өңірінде 51 полицей қызмет барысында қаза тапты.
Мақсат Асқаров, облыстық ПД тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы:
- Біз қызмет барысында қаза тапқан, ерлік жасаған ағаларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Бұл жас ұрпаққа үлгі болуы керек. Полиция қатарында қызмет істеу – абырой. Ол – үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта жастарды Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай қалаларындағы академияларға оқуға түсіруге дайынбыз.