Жетісайдағы жылыжай шаруашылығы

Түркістан облысының Жетісай ауданында үй іргелік жерлерді тиімді игеру жұмыстары жанданып келеді.

Былтырдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындарға үй ауласынан жылыжай салуға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріле бастады. Қазір ауыл тұрғындары алғашқы өнімін жинап, сауда сөрелеріне шығарып жатыр.

Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің тұрғыны Ақтұр Хасанов былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен 7 млн теңге несие алған. Оған үй іргесіндегі 5 сотық жерге жылыжай салып, бірнеше өнім түрін еккен. Алқаптың басым бөлігіне қияр, қалғанына қызанақ, көкөніс дақылын еккен. Қазір күнара 200 келіден астам қияр жинап, көтерме бағамен өткізеді. 

Ақтұр Хасанов, шаруа:

- Бүгінгі таңда 12-күн базарға шығырып жатырмыз. Өнім жақсы, болады. Кеше жинадым, бүгін таңертең базарға апарып тапсырдым. 280 келіні 400 теңгеден өткіздім Жетісайдың базарына. Екінші өнім қияр болады тағы да. Қазан айының ортасында егеміз желтоқсан айында шығарамыз.

Үкімет биылдан бастап жылыжайға субсидия бере бастады. Осы мүмкіндіктен қағылмас үшін шаруа құжаттарын әзірлеуге кірісті. Жалпы Жолдасбай Ералиев ауылдық округінде 8 мың гектардан астам егіс алқабы бар. Оның 1200 гектары үй іргелік жер. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен 17 адам несие алып, үй іргелік жерден жылыжай ашты.

Қасым Сұлтанбек, Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің әкімі:

- Бізде жалпы ауылдық округте 1,5 гектар жылыжай бар. Көбісі 4-6 соттық, 15 соттық, ең үлкені 1 гектарға дейін жылыжайымыз бар. Басты өнімдерді қазір жинауда. Қазіргі уақытта біздің ауылдық округімізде 162 гектардан астам жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Біріншіден суды үнемдейді, екіншіден өнімділікті арттырады.

Жетісай ауданы бойынша үй іргелік жылыжайлардың көлемі 23 гектардан асады. Оларда негізінен қияр, қызанақ, көкөніс дақылдары мен лимон көшеті өсіріледі. Биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, үй іргелік жылыжай шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отырғандар көп, - дейді мамандар.

Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Оған мына Ділдәбеков, Жаңа ауыл, Атамекен және Жетісай қаласы еніп отыр. Бұл ауылдарда біз басым бағытты өсімдік шаруашылығына беріп отырмыз. Өсімдік бағытына ең бірінші осы жылыжай шаруашылығы кіреді. Мемлекет тарапынан 9 млн теңге дейін несие алып, жылыжай шаруашылығын салуға болады.

Мамандар «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында сәтті жүзеге асқанын айтады. Былтыр өңірде 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. Биыл да жоба аясында өңірге 13,2 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланған. Басымдық жылыжай мен тұт шаруашылығына берілмек.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов, «24.KZ», Түркістан облысы