ҚР СІМ: дипломат Сәкен Мамаш лауазымынан босатылды
Қазақстандық дипломат Сәкен Мамаш жұбайының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арызынан соң елге шақыртылып, шекарадан өткен бойда лауазымынан босатылды.
Бұл жайында еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, консулдық қызметкерлері Карина Мамаштың балаларымен бірге елге қауіпсіз жеткізілуіне жан-жақты көмек көрсеткен.
Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаш дипломатиялық қызметте 15 жылдан астам еңбек еткен. Айбек Смадияров елшілік қызметкерлері шетелге шығар алдында арнайы тесттен өткізілетінін айтты. Алдағы уақытта барлық қызметкер тағы да психологиялық-эмоционалдық сынақтан өткізілмек.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Сыртқы істер министрлігі оқиға болған сәттен бастап бұл істі ерекше бақылауға алды. Карина Мамаштың жұбайы 6 мамырда елшіліктен Қазақстанға дереу қайтарылады деген тапсырма берілді, 9 мамырда елге келіп шекарадан асқаннан кейін қолданыстағы заңға сәйкес біз оны өз лауазымынан босаттық. Өздеріңіз білетіндей, қазір құқық қорғау органдары оған қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, қылмыстық іс қозғалды.