Малы бар жайылымы жоқ, жолы бар өткелі жоқ

Жер аяғы кеңісе, күре жолдың бойына мал қаптайды. Қарау болмаса, аяқты жануар жолдың үстіне шығып кетіп жатады.

Мұндайда мал иесіне кешірім болмайды. Бірден айыппұл салынады. Себебі, күн жылығалы өріске шыққан төрт түлік салдарынан апат жиіледі дейді мамандар.

Көктем туып, мал өріске шыққалы күре жолдағы көлік апаты жиіледі. Мәселен, Ақмола облысының аумағында осы уақытқа дейін төрт түлікті қағып кеткен 11 оқиға тіркелді. 2 адам жарақат алды. Жауапты мамандар жол бойына тартылған бірнеше шақырым шарбақ та көмектеспей отырғанын айтады. 

Қайрат Хамзе, "Қазсервис" ЖШС бас инженері:

- Барап ауылында малдың жолға шығуы көп. Қоршаудың ұзындығы – 1,8 шақырым. Бірақ оған қарамастан, халқымыз қарамайды. Малдарын қараусыз қалдырады. Қараусыз қалдырған төрт түлік мал төрт аяғы бар, өздері мынау көпірдің үстімен жолдың үстіне шығып кетеді.

Малды назардан шығаруға болмайды. Жол бойында қараусыз жайылып жүргені анықталса, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер біреудің мүлкіне зиян келтірсе, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Алайда, Барап ауылының тұрғындары мал бағатын жер жоғына шағымданып отыр. Төңірек түгел егін.

Әсима Өміртайқызы, ауыл тұрғыны:

- Біз осында қызмет етіп, пенсияға шықтық. Біздің жер қазір тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Жер жоқ. Бұрын, баяғыда Совет үкіметінде ұстадық мал. Ол кезде шектеулі болды. Қазір шектеу жоқ, бірақ біз ұстай алмаймыз. Жер жоқ өйткені. Тіпті қаз-үйрек ұстай алмаймыз.

Қанипа Елубаева, ауыл тұрғыны:

- Қой ғана, қойдан басқа мал ұстай алмаймыз. Қазір міне егінге түседі, біттей былай қарай шығарсақ, мәшине соғып кетеді. Оның ешқандай құпиясы жоқ, мал ұстауға болмайды мына жерде. Балаларымыз қаңғырып кетті мал ұстай алмаған соң. Қалаға жұмысқа кетті. Бұрын кішкене мал ұстап, ақшасына анау-мынау, балаларына киім, тамақ әперетін.

Тілекен Қадыров, ауыл тұрғыны:

- Қарайды иелері, жолға шықса, айдап алады. Басқа жағдай жоқ. Мысалы, ауылда тұрғанның бәрі мал ұстаймыз. Тек, ана бұзауларды үйде қалай ұстаймыз. Өзімізде бұзау жоқ, кісілерде бар. Сол түгел таңертең жібереді, қой, бұзау осы жаққа бағамыз. Кешке айдап аламыз, жинап аламыз.

Барап ауылында 70-тен астам үй бар. 1000-ға жуық мал ұстайді. Күн жылығалы қолдағы малды жолдың арғы бетіндегі жайылымға жеткізу қиындап кеткен.

Күрежолдың әр жағындағы жайылымға мал өткізу өткелі арқылы ғана өтуге болады. Алайда, көктемнен бері бұл жерді де су алып жатыр. Ал даладан келіп жатқан бұл судың қашан, қалай құрғайтыны әзірше белгісіз.

Алмас Тәкенов, ЖЭБ-87 бастығы:

- Қазір көктем, қар ерігеннен кейін көлдің суы көтеріліп, мына көпірдің астынан өтіп жатыр су. Сондықтан, ол көлді қазір біз жаба алмаймыз. Оны жапқанның себебінен ауылдың шеткі үйлері суға кетеді. Егін алқаптары да суға кетуі мүмкін.

Ал өткелдегі су құрғағанша ауылдағы ағайын көпір арқылы мал айдауға мәжбүр. Бақташы бұл көпірмен өткен сайын жанын шүберекке түйіп өтеді. Себебі, Астанадан Қызылжарға дейін тартылған бұл жолдың бойынан күні-түні көлік үзілген емес. Бұл, әрине, малға да, жанға да өте қауіпті.

Жол мамандары жолдағы қауіпсіздікті тұрақты қадағалап отыр. Ауылдарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүргізіп тұрады. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға жергілікті тәртіп сақшылары да тартылған.

Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ