90 жылдық тарих. Теміржолшылар әулеті

Астана қаласындағы Исергеновтер әулеті теміржол саласында 90 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Отағасы бастаған еңбек жолын бүгінде жары мен 3 баласы жалғастырып жүр.

Ертең – халықаралық отбасы күні. Сүттей ұйып, елге үлгі болып отырған бұл шаңырақта тілшіміз де болған еді.

Исергеновтер әулетінің әр мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласының мамандары. Маневр диспетчері боп бастаған отағасы Шохан Исергеновтің қызметін бүгінде отанасы Рахия Атымтайқызымен бірге бір ұлы, екі қызы жалғастырып келеді. Тіпті күйеу баласы мен келіні де осы салада еңбек етеді.

Рахия Мырзалиева, станцияның персонал жөніндегі менеджері:

- Менің жолдасым ауысымдық жұмыста қызмет атқарды. Ал мен күнделікті 8 сағаттық жұмыс істеймін. Әр кезекшіліктен келгенде есеп тапсырады, түнгі кезек бойынша. Алғашқы келіп тапсыратын адамы мен болатынмын. Ол жазуға жоқ еді. Бүкіл жұмыста болған жағдайдың бәрін ол маған ауызша айтып береді. Мен соны жазып беріп, басшыларға көрсететінбіз.

Отағасы қайтыс болғаннан кейін балалары ержетіп, бүгінде әрқайсысы жеке отау болған. Тіпті ұлы мен келіні де осы қызметте танысқан. Өз саласының майталмандары бүгінде екі қыз тәрбиелеп отыр. 

Абылайхан Абубекиров, бас есептеу орталығының бас маманы:

- Бір жерде жұмыс істеп жүріп, бірақ бір бірімізді көрмегенбіз. Таныспай жүргенбіз. Содан корпоративте танысып, кездесіп жүріп, содан кейін үйлендік. Қазір екі баламыз бар. Бітіргеннен кейін мен теміржолда істеген жоқпын. Басқа жерлерде жұмыс істедім. Бірақ аралап-аралап осы теміржолға келдім.

Ал кенже қызының бұл жұмысқа орналасқанына 4 жыл болған. Өзінің айтуынша әулеттегі ең жас теміржолшы. Кішкентайымнан әкемнің бұл сала туралы әңгімелеріне қызығып өстім дейді. Бүгінде бұл салада аянбай еңбек етіп, бірнеше зерттеу жұмыстарын да жүргізген.

Кәмшат Исергенова, жетекші экономист-инженер:

- Бала кезімізде әкем демалыста әрқашанда ауылға алып баратын. Біздің ауылымыз Шымкентте болған соң пойызбен әр жаз сайын баратынбыз. Содан басталды менің қызығушылығым. Анам, ағам, әпкем, папам осы саланы қуып, менде олардың арттарынына жұмысқа қызығушылығым ашылды.

Тірлігі теміржолмен бірлескен бұл әулет ата кәсіп жолын бұзбай келе жатыр. Немерелері де осы салаға қызығушылық танытады. Құрыш білекпен болат жолдың бойында әлі талай еңбек етеміз дейді.

Зарина Кәп, Ғалымжан Абдылахат, 24.KZ