Маңғыстаудағы Теңіз жаяу әскерлері кезекті оқу-жаттығуды өткізді
Маңғыстауда шоғырланған Теңіз жаяу әскерлері кезекті оқу-жаттығу өткізді.
Бұл жолы сарбаздар танктерді қалқалап шабуылға шыққан қарсыластың бетін қайтарды. Броньды техника таптаған траншеяда теңізшілер психологиялық тұрғыдан беріктігін іс жүзінде көрсетіп, сынақтан сүрінбей өтті.
Теңіз жаяу әскері таңсәріден сапқа тұрды. Бригада командирі әр бөлімшеге жауынгерлік тапсырма жүктеді. Жаттығудың бірінші кезеңінде сарбаздар сым тормен жабылған кедергі астымен жүріп өтті. Жер бауырлаған әскердің төбесінен әлсін-әлсін автомат оғы атылды. Осылайша, теңізшілердің шынайы ұрысқа дайындығы тексеріледі. Теңіз әскері бұдан соң бірнеше шақырым жер жүгірді. Түтін шашкаларының көмегімен траншеяға тез жетіп, окопқа бекінді. Оқу-жаттығудың ең маңызды бөлігі - танктерді алға өткізіп жіберіп, жаудың тірі күшін жою болды. Окопта жатқан жауынгерлер броньды техника артынан оқу гранатасын лақтырудан қол мергендігін байқатты.
Біржан Серікқалиұлы, гвардия қатардағы жауынгері:
- Қазіргі таңда 390-теңіз жаяу әскері бригадасының оқу полигонында біз, жас сарбаздар жауынгерлік даярлықтың бірінші кезеңінен өтудеміз. Әртүрлі нормативтерді тапсырып, оқ астында қашықтықты бағындырдық. Сөзбен айту мүмкін емес. Бұл сәтті тек көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну керек.
Оқу-жаттығуға 600-дей сарбаз бен Т-72Б маркалы ауыр танктер қатысты. Күнқағарсыз берет орнына темір каска киген теңізшілердің төзімділігі мен табандылығын әскери теңіз бригадасының басшылығы жоғары бағалады.
Дәмір Мақсатов, жас сарбаздар батальонының командирі:
- Мұндай әдістемелік сабақтар жас сарбаздың моральды-психологиялық жай-күйін арттыру мақсатында өткізіледі. Төтенше жағдайларда жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында өзінің қабілет-қасиетін келтіреді. Бүгінгі өткізіліп жатқан нормативтер әрбір жас сарбаздың есіңде қалады деген ойдамыз.
Жас сарбаздар биыл көктемде армияға шақырылғандар. Қазір олар әскери тәртіп пен кәсіби дағдыларға баулитын қарқынды оқу курсын оқып жатыр.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев