Сенатор: Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек
Биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, қазіргі шекарамыз айқындалғанына бір ғасыр толып отыр.
Мемлекет тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз, ескерусіз қалмауға тиіс. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі осы және тарихи тұлғаларымызға құрметпен қарау жайында бірқатар мәселеге тоқталып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Сенатор тарихқа байыппен қарау керектігін айтты. Тарих өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен беттесу үшін де қажет, - деді.
Сондай-ақ биыл бірқатар Алаш ардақтыларының 130 жылдығын тағылымды атап өту керектігін айтты. Жуырда зиялы қауым өкілдерінің Нархоз университетіне Тұрар Рысқұловтың есімін қайтару туралы жасаған ұсынысы оң шешім табатынына сенім білдірді.
Дархан Қыдырәлі, сенатор:
- Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шегарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауы тиіс. Тағы бір мәселе, алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Тіпті ұлт ұстазы Ахаңның қайда жатқанын білмейміз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді. Алматы іргесіндегі Боралдайдағы Қандысайда атылған Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов сияқты 19 халкомға да осындай зерттеу қажет деп ойлаймыз.