Ақтөбеде бүлінген баспана үшін 670 млн теңге өтемақы берілді

Ақтөбе облысында да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасып жатыр.

Осы күнге дейін 3158 отбасына бір миллиардтан астам теңге болатын бір жолғы өтемақы берілсе, тағы 256 жанұяға баспанасын қалпына келтіруге қомақты қаражат қаралады. Бұдан өзге, көктемгі тасқын кезінде су басқан 6 ауданда үй құрылысы жүріп жатыр. Ол жөнінде әріптесім Әнуарбек Мырзатайұлынан білейік. Ол қазір бізбен тікелей байланыста. Әнуарбек, атқарылып жатқан шаралар жөнінде толыққанды мағлұмат берсеңіз.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жалғасып жатыр. Соның ішінде шығын көлемі анықталған үй иелеріне өтемақы беріліп жатыр.

Мысалы, 250-ден астам отбасының бүлінген баспанасын жөндеу және қайта қалпына келтіру үшін 670 млн теңгеден астам өтемақы берілген. Оның арасында мына біз тұрғын бау-бақша ұжымындағы бірқатар үй де қамтылған. Ал бірреттік өтемақы алған отбасылардың саны 3 мыңнан асады. Оның көлемі 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Негізі бұл көмек түрі қарғын судан зардап шеккен әр аудандағы мәслихат анықтаған. Бұдан бөлек қазір Қобда, Әйтеке би, Темір, Ойыл аудандарында жаңа үйлердің құрылысы басталды. Баспана үшін инженерлік желілер тартылған жер учаскелері белгіленген.  

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы қазір облыс бойынша су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін жүздеген үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек мал шығыны да өтеліп жатыр. Осы күнге дейін 3232 малдың қырылғаны анықталса, оның жартысынан астамының орны толған. Қазір облыс бойынша жағдай тұрақты. Тек Ырғыз ауданында Торғай өзенінің тасуынан екі ауылдың айналасы қоршалып жатыр.