АҚШ-та қазақ этномұражай-көрмесі ашылды

Көрмені Нью-Йоркте кәсіп жүргізетін жерлестеріміз ұйымдастырған.

Көрме енді қаланың Бруклин деген ірі ауданындағы ғимаратта тұрақты өтіп тұрмақ.

Көрменің алғашқы күні адам көп жиналатындықтан ұйымдастырушылар этномұражайдың ашылу салтанатын Бруклиндегі саябақта өткізді. Игі бастаманы қолға алып, өз қаржысына Қазақстаннан экспонаттарды алдырған Назар Әли Бименов. Кәсіпкер қазақтың бай мәдениетін бүкіл Америкаға таныстырғысы келеді.

Назар Әли Бименов, көрмені ұйымдастырушы:

- Нью-Йорк қаласы бойынша тұрақты болады. Қазір ол шаралар атқарылып жатыр. АҚШ бойынша өз шаруашылығымнан екі спринтер көлігін бөлдім. Жылжымалы көшпелі мұражай болады.

Қазір этномұражай қорында қазақтың салт-дәстүріне қатысты және тұрмыс тіршілігінде қолданған көптеген жәдігер жиналған. Ер тоқым, қамшы, садақпен қатар астау, кесе, қымыз піскен күбі бар. Тіпті он тоғызыншы ғасырдағы келсапты да көруге болады.

Нәсіп Хазиева, көрермен:

- Кейбір келген жастар өздері білмейтін заттардың аттарын сұрап жатыр. Әли бауырымыз біраз жәдігер жинаған. Мына жерде ескі көне аспаптар бар. Жетіген, қобыз мынаумен қалай ойнайды деп асықтарды да көріп жатыр осында туған қазақтың балалары. Қолмен ұстап көзбен көріп. Сондықтан бұл мақтануға өте тұрарлық зат деп ойлаймын.

Бақболат Ақылбаев, көрермен:

- Ата бабамыздан келе жатқан киіз үй, садақтарымыз бар. Бір жағынан тамашалауға, екіншіден тарихты көзбен көріп жатыр. Соған қуаныштымыз.

Этномұражай алдағы уақытта да жаңа жәдігерлермен толықтырылатын болады дейді ұйымдастырушылар. Мысалы, көрмеде сувенир кигіз үй тұр, болашақта оның шынайы түрін Қазақстаннан арнайы алдырту жоспары бар.

Айжан Сыдықова